Қазақстанда экологиялық жобларға 185 млрд теңге 22 жоба қаржыландырылды. Қазір үкімет жаңа қуаттарды іске қосуға дайын. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев айтты.
Қалдықтарды басқару саласындағы жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндаған ол өткен жылы утиль алымдар, яғни «Жасыл даму» акционерлік қоғамының есебінен қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру механизмі іске қосылып, 60 жоба мақұлданғанын хабарлады. Оның ішінде 89,4 млрд теңгеге 22 жобаға қаржыландырылды. Ал көзделген қаражаттың жалпы көлемі - 185 млрд теңге.
Мақұлданған 60 жобаның ішінде 92 бірлік қоқыс таситын көлік сатып алуға бағытталған 8 жоба, сұрыптау бойынша жылдық қуаты 2,3 млн тоннаны құрайтын 19 жоба, қайта өңдеу бойынша жылдық қуаты 920 мың тоннаны құрайтын 33 жоба бар.
«Бұл жобаларды іске асыру қалдықты қайта өңдеу деңгейін 40%-ға жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл – «Жасыл даму» қаражатының экологиялық саланы дамытуға үлес қосып жатқанын айқындайтын бағыттардың бірі», деді Әлиев.
Сонымен қатар, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында толықтай шетелдік инвестициялар есебінен 3 қоқыс өртейтін зауыт салу жоспарланып отыр. Биыл инвесторлармен тиісті келісімдерге қол қойылған. Инвестициялардың жалпы көлемі – 293 млрд теңге. Құрылыс мерзімі 2 жылға жоспарланған.