Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамыту және транзиттік әлеуетті нығайту мақсатында Маңғыстау облысында жаңа теңіз портын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай айтты.
Оның айтуынша, инвестициялық жобаның құны $300 млн-ға бағаланып отыр.
«Жоба «Қытай – Қазақстан – Ақтау – Баку – Поти – Еуропа» жаңа халықаралық көлік дәлізін қалыптастыруға ықпал ететін болады. Оны жүзеге асыру жүктерді жеткізу мерзімін 7-15 күнге қысқартуға, көлік шығындарын 18-25% төмендетуге, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», деді Қилыбай.
Қазіргі уақытта инвестор компанияны Маңғыстау облысында тіркеген, енді инвестициялық келісімге қол қою үшін құжаттар дайындалып жатыр.