Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Олжас Бектенов аэрохабтарды дамыту мәселесін талқылады
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 24 қараша, 2025 | 15:37
1 минут - оқу уақыты

Олжас Бектенов аэрохабтарды дамыту мәселесін талқылады

Биыл 10 айда Қазақстанда жолаушылар тасымалы көлемі 6%-ға өсіп, 13 млн жолаушыдан асқан

Руслан Пряников
Руслан Пряников

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында авиациялық хабтар мен автожол саласын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Премьер-министр 2040 жылға қарай жаһандық әуе нарығын екі есеге арттыру жөніндегі әлемдік болжамдарды ескере отырып, алдағы 3 жылға арналған Азаматтық авиацияны дамыту жоспарымен танысты. Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының (ICAO) стандарттарына сәйкестіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге баса назар аударылды. ICAO аудитінің нәтижелеріне сәйкес, биыл бұл көрсеткіш Қазақстанда 95,7%-ды құраған, бұл 72,01%-дық әлемдік және 87,92% болатын орташа еуропалық деңгейден көп.

«Жоспарға сәйкес әуежай және навигациялық инфрақұрылымды жаңғырту, халықаралық және ішкі маршруттық желіні кеңейту бойынша ауқымды жұмыс көзделген. Бұдан бөлек, халықаралық оқу орталықтарын тарта отырып, әуе кемелері паркін ұлғайту және авиация саласы үшін мамандар даярлау жүйесін күшейту жоспарлануда», делінген үкімет таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ жиын барысында Астана және Алматы қалаларының әуежайлары базасында аэрохабтарды дамыту мәселелері талқыланды. Елордалық әуежайдың екінші ұшу-қону жолағын салу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге дайындық жүргізіліп жатыр. Ол әуе айлағын жаңғырту жүк және жолаушылар терминалдарын салуды, инфрақұрылымды жаңартуды және тағы да басқаларды көздейді.

«Алматы әуежайын жаңғырту бойынша Horizon стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыру өткізу қабілетін арттыруды қамтамасыз етеді. Терминалдарды реконструкциялау, трафикті көбейту үшін ұшу-қону жолақтарын жаңғырту жоспарлануда. Әуежай базасында жүк және техникалық кластерлер мен сервистік экожүйе құрылатын болады», деп қосты үкіметте.

Сонымен қатар өңірлік байланысты нығайтуға бағытталған ішкі авиамаршруттарды субсидиялау мәселелері қаралды. Жалпы, осы жылдың 10 айында жолаушылар тасымалы көлемі 6%-ға өсіп, 13 млн жолаушыдан асқан.

Жиында азаматтық авиацияның туризм, сауда, өңірлік даму мен инвестициялық тартымдылыққа мультипликативтік әсері де айтылды. Халықаралық бағалауларға сәйкес, саладағы әрбір 100 жұмыс орны экономиканың аралас секторларында 610-ға дейін қосымша жұмыс орындарын құрады.

Премьер-министр Көлік министрлігіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп авиаотын жеткізудегі тиімсіз делдалдар тізбегі бойынша жұмысты күшейтуді, сондай-ақ көлік саласында ағымдағы жобаларды жүзеге асыру және жаңа жобаларды іске қосу жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.

Дереккөз: Үкімет

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.