Шемонайха ауданының тұрғыны шағын шеберханасында ұлттық нақыштағы және заманауи үлгідегі сұранысқа ие киімдер тігіп бастады. Бұған «Ауыл аманаты» жобасы көмектескен.
Шемонайха ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Айым Қабылбаева көп жылдан бері тігіншілікпен айналысып, кәсіп бастауды армандаған. Алайда кәсіп бастауға қажет қаржы болмағанын айтады.
«Көп жылдан бері тігін ісімен айналысуды ойлағанмен қолымда қаражат болмағандықтан бастау мүмкін болмады. Қажетті құрал-жабдық алу қиын болды. «Ауыл аманаты» жобасын естіген соң қатысуды жөн деп санадым. Енді өз ісімді кеңейтіп, сапалы отандық өнім шығаруға ниеттімін. Партия мен мемлекетке көрсеткен қолдауы үшін алғысым шексіз», - деді Қабылбаева.
Жобаның қаржылық қолдауымен тігін ісін сәтті бастап, бүгінде жергілікті экономиканы жандандыруға үлес қосып жатыр. Ол тігін саласын дамытуға арналған жобасына 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алған. 8 миллион теңге қаражатқа заманауи және кәсіби жабдықтар сатып алды. Атап айтқанда, шеберхана заманауи тігін, кестелеу, ілмектеп жиектеу машиналары, сондай-ақ киімге сурет басып шығаруға мүмкіндік беретін DTF-принтермен және қажетті тігін фурнитураларымен толық жабдықталды.
Бүгінде шағын шеберханада ұлттық нақыштағы және заманауи үлгідегі сұранысқа ие киімдер тігіліп жатыр. Кәсіптің дамуы нәтижесінде жаңа жұмыс орыны ашылып, жергілікті тұрғындарды, әсіресе ауыл әйелдерін, еңбекпен қамтуға мүмкіндік туды. Бұл бастама ауыл әйелдерінің кәсіпкерлік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдің экономикалық дамуына да елеулі үлес қосуда. Қазіргі таңда кәсіпкердің ай сайынғы таза табысы шамамен 300 мың теңгені құрап отыр. Бұл табыс жеңілдетілген несие бағдарламасының қысқа мерзім ішінде өзін ақтай алатынын және ауылдық кәсіпкерлер үшін тұрақты табыс көзі бола алатынын көрсетеді.
Еске салсақ, Қазақстанда «Ауыл аманаты» жобасы 2023 жылы басталған. Ол ауыл тұрғындарының қаржыға қолжетімділігін арттыру үшін өз кәсібін ашуға мүмкіндік береді. Бағдарлама өңдеу саласы, өсімдік шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы коперативтерін жабдықтау, мал шаруашылығын дамыту және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қолдауды көздейді.