Швейцария парламентінің өкілдері Қазақстанды стратегиялық әріптес қана емес, цифрлық инновациялар қарқынды дамып келе жатқан орталық ретінде де көреді. Жуырда Алматы мен Астана қалаларына жасалған делегация сапары кезінде болашақ қалаларын дамыту, жасанды интеллектіні енгізу және «крипто-сити» құру мәселелері талқыланды. Қазақстан үшін неліктен Лугано тәжірибесі пайдалы болуы мүмкін екені және парламенттік дипломатия қандай жаңа мүмкіндіктер ашатыны жөнінде «Швейцария – Қазақстан» достық тобының үйлестірушісі Филиппо Ломбарди айтып берді.
– Ақпараттық кеңістікте жарияланған мәліметтерге қарағанда, Швейцария депутаттар делегациясының Қазақстанға сапары мазмұнды болған сияқты. Осы сапардың мақсаты мен нәтижелері туралы толығырақ айтып берсеңіз?
– Қазақстан медиасының біздің сапарымызға қызығушылық танытқанына қуаныштымыз. Шынында, бұл сапар әдеттегіден өзгеше болды, делегация құрамында Швейцария-Қазақстан достық тобының мүшелері, сондай-ақ Лугано қаласы муниципалитетінің екі өкілі болды, оның біреуі өзім болдым.
2016 жылы Лугано мен Алматы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын, сол себепті де сапарымызды Алматыдан бастадық. Қала әкімі Дархан Сатыбалды мырзамен кездесіп, ынтымақтастығымызды одан әрі дамыту перспективаларын, әсіресе қалалық үдерістерді жетілдіруге және билік пен тұрғындардың өзара байланысын оңтайландыруға бағытталған цифрлық технологияларды енгізу мәселесіне талқыладық. Біздің қалаларымызды біріктіретін жайт – екеуі де өз елдерінде ірі қаржылық және туристік орталықтар саналады, сондықтан қаржы технологияларын енгізу мен лайфстайл индустриясын дамыту саласындағы тәжірибе алмасу екі жаққа да пайдалы болмақ.
Дегенмен сапардың негізгі бөлігі қазіргі күрделі геосаяси жағдайда парламенттік дипломатияның маңызды арнасына айналып отырған парламентаралық байланыстарды нығайтуға арналғанын атап өткім келеді.
Бұдан өзге, парламентаралық өзара іс-қимыл экономикалық ынтымақтастық пен алуан түрлі саладағы бизнес кооперациясы үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға септігін тигізеді.
Швейцария Қазақстан экономикасына ең ірі инвестиция салушы үш елдің қатарына кіреді. Бүгінде елімізде швейцариялық капиталдың қатысуымен 300-ден астам компания жұмыс істейді. Біздің мемлекетіміз Орталық Азиядағы ең ірі экономикамен жан-жақты әріптестікті кеңейтуге мүдделі.
Осы және өзге де мәселелерді біз Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, сондай-ақ Қазақстан Парламентінің қос палатасының басшыларымен және Қазақстан-Швейцария достық тобының мүшелерімен кездесулер барысында талқыладық.
Саяси және экономикалық сипаттағы түрлі мәселелер ашық әрі сындарлы түрде талқыланатын осындай жоғары деңгейдегі кездесулер екі ел арасындағы қатынастардың оң қарқынын сақтауға әрі дамытып отыруға мүмкіндік береді.
– Парламенттік дипломатия екі ел арасындағы ынтымақтастықты, соның ішінде экономика мен бизнес саласындағы байланыстарды қалай нығайтады? Осындай диалогтың ең маңызды практикалық нәтижелері туралы айтып берсеңіз?
– Бұл өте маңызды сұрақ. Парламенттік дипломатия, бәлкім, дәстүрлі дипломатиядай айқын көріне бермейтін шығар, дегшенмен оның өз артықшылығы мен тиімді құралдары бар. Парламент өкілдеорі сайлау сүзгісінен өтіп, өз сайлаушыларының мүддесін қорғайды, олардың көкейкесті мәселелері мен үміт-тілегін жақсы түсінеді.
Өткен сапардың нәтижесінен нақты мысал келтіре кетсем, Алматыда біз Қазақстанда жұмыс істеп жатқан швейцариялық компаниялардың өкілдерімен кездестік. Олардың қызмет саласы фармацевтика, машина жасау, құрылыс индустриясы сияқты әртүрлі. Сол кездесуде пікір алмасу өте пайдалы болды, парламент өкіледір бизнес иелерінің пікірін қызығушылықпен тыңдап, кейін сол мәселелерді Қазақстан билігімен талқылауға мүмкіндік алды.
Бұдан бөлек, Швейцария Қазақстанмен халықаралық парламенттік алаңдарда да белсенді ынтымақтасып келеді.
Екі елдің парламенттік делегациялары ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы аясындағы «Жібек жолы тобының» негізін қалаушылардың қатарында болды. Сапар барысында қазақстандық әріптестерімізбен осы топтың болашағы, оның Еуразия құрлығында бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтудағы, сондай-ақ экономикалық өзара іс-қимыл үшін қолайлы жағдай жасау жолындағы рөлі туралы пікір алмастық.
– Сіз Швейцария делегациясының құрамында Қазақстанға бірнеше рет келдіңіз. Осы жылдар ішінде екі ел арасындағы қарым-қатынас пен Қазақстанның даму қарқыны туралы не айтар едіңіз?
– Мен Қазақстанға алғаш рет 2013 жылы, Швейцария Сенатының президентә ретінде, сол кездегі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен келген болатынмын. Сол сапарда Президентке өз әсерімді бөліскен едім, небәрі он-он бес жылдың ішінде Қазақстанның жаңа астанасы заманауи, әлемдік деңгейдегі мегаполиске айналып үлгеріпті. Әлбетет, атқарылар іс әлі де аз емес, дегенмен өзгерістер қарқыны расымен таңғалдырады.
Бұл сапарда мені ең алдымен таңқалдырған нәрсе – көзге көрінетін материалдық өзгерістер ғана емес, қазақ қоғамында жүріп жатқан ішкі серпінді үдерістер болды. Ең бастысы, бұл өмірдің түрлі саласан айқын байқалатынындай, қазақстандықтардың ұлттық бірегейлігін іздеу ұмтылысы. Біз мұны әсіресе Алматыда жаңадан ашылған Қазіргі заман өнері мұражайына барған кезде айқын сезіндік. Келушілердің көптігі, адамдардың отбасымен келіп тамашалауы бізге ерекше әсер етті.
Тағы бір көзге түскен жайт – қоғамдағы жастар рөлінің өзгеруі. Швейцарияда тұрғындардың орта жасы қырықтан асқан болса, Қазақстан – жастары мемлекеті (орта жасы отыздан сәл жоғары) екен. Мемлекет деңгейінде қабылданып жатқан, Қазақстанды Орталық Азияның цифрлық хабы мен жасанды интеллектіні дамыту орталығына айналдыруды көздейтін жаңа стратегиялар жастардың мемлекеттік басқару жүйесіне қатысуына және елдің болашағын бірлесе құру ісіне мүмкіндік беретін қолайлы жағдай туғызып отыр.
Біздің делегация Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде, «Астана» халықаралық қаржы орталығында және Astana Hub технологиялық стартаптар алаңында болды. Барлық жерде өз ісіне құлшыныс танытқан, жетістігі мен жоспарын ынта-шынтасымен таныстыра білген жастар қарсы алды.
– «Луганоның B жоспары» тәжірибесін қазақстандық CryptoCity жобасына қолдануға бола ма, қалай ойлайсыз? Қазақстан сіздерден нақты қандай тәжірибені үйрене алады? Жалпы, CryptoCity жобасын қалай бағалайсыз? Сіздің ойыңызша, бұл қала халықаралық инвесторлар үшін тартымды бола ала ма?
– Швейцария делегациясының сапары Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесінде жүріп жатқан маңызды өзгерістер кезеңімен тұспа-тұс келді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елді жан-жақты жаңғыртудың стратегиялық бағытын ұсынып, оның негізіне цифрлық технологиялар енгізу мен жасанды интеллектіні дамыту идеясын қойды. Бұл аса ауқымды міндет, сондықтан біздің делегациямыз осы үдерістермен жақынырақ танысуға ерекше қызығушылық танытты. Уақыттың шектеулі болғанына қарамастан, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде алған әсеріміз Қазақстан билігінің бұл бағытта тек декларация қабылдаумен шектеліп қалмай, осы стратегияны жүйелі түрде жүзеге асыруға ниетті екенін көрсетті.
Мәселен, CryptoCity жобасын алсақ, оның іске асу алаңы ретінде Алатау қаласы таңдалыпты. Мұны өте күрделі әлеуметтік тәжірибе деуге болады, ол халықтың барлық әлеуметтік топтары мен жас ерекшеліктеріне әсер ететін болады. Бұл жерде мемлекеттік құрылымдардың, бизнес қауымдастығының, ғылыми орталықтар мен азаматтық қоғамның үйлесімді ынтымақтастығы қажет болады.
Менің туған қалам - Лугано, өзім осы қаланың муниципалитет мүшесімін. 2022 жылы Tether компаниясының технологиялық қолдауымен қала «Plan B» деп аталатын осындай криптоқала жобасын, кешенді экожүйені іске қосты. Қазіргі таңда Лугано - Еуропада жұмыс істеп тұрған жалғыз криптосити, болашақта Еуропаның блокчейн орталығына айналуды мақсат етіп отыр.
Еліміз бен қалаларымыз көлемінің айырмашылығына қарамастан, цифрлық қалалық орта қалыптастыру және блокчейн экожүйесін дамыту саласындағы ынтымақтастық өте пайдалы әрі өзара тиімді болатынына сенімдімін. Лугано қаласы әріптестікке ашық, тәжірибе алмасуға дайын және Қазақстан қалалары тап болып жататын күрделі технологиялық әрі әлеуметтік-басқарушылық процестерге арналған бірегей модельдік зертхана алаңына айнала алады.
Айтпақшы, бұл бағыттағы алғашқы қадамдар қазірдің өзінде жасалып жатыр. 25 қазанда Луганода өтетін жыл сайынғы Forum Plan B іс-шарасына Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Жаслан Мәдиев қатысып, сөз сөйлемек. Алдағы сапар тиімді әрі ұзақмерзімді ынтымақтастықтың алғашқы қадамы боларына кәміл сенемін.
Данияр Үдербековпен толық сұхбатты Kapital.kz сайтынан оқи аласыз.