Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Жетісу өңіріне бірнеше шетелдік компания инвестиция құяды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 04 қараша, 2025 | 15:10
2 минут - оқу уақыты

Жетісу өңіріне бірнеше шетелдік компания инвестиция құяды

Өңірдің делегациясы Бельгия, Қытай, Пәкістан инвесторларымен келісімдер жасасты

QazMonitor Logo

Қазақстанның жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстелі (KGIR-2025) аясында жетісулық делегация шетелдік компаниялармен бірқатар келіссөздер жүргізіп, жалпы сомасы 34 млрд теңгеден асатын екіжақты ынтымақтастық туралы төрт меморандумға қол қойды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде Бельгия, ҚХР, Пәкістан инвесторларымен бірлескен «Envision KKS» ЖШС-ның жел генераторларын (WTG) және энергия сақтау жүйелерін (BESS) өндіретін зауыт, «Каусар-Карго» ЖШС-ның халықаралық автовокзал, «STS Jetisu» ЖШС-ның SPC үлгісіндегі еден жабынын шығаратын зауыт, «Saron Kazakhstan» ЖШС-ның айналма жол мен көлік-логистикалық орталық салу жөнінде жобалар іске асатын болады.

«Біздің компанияның жобасы Қорғас аумағында іске асырылады. Көлік өткізу бекетіндегі кептелістерді азайту және жалпы автомобиль өткізу пунктінің жұмысын жеңілдету мақсатында жергілікті атқарушы органдарға айналма жол мен «Нұр жолы – Қорғас» өткізу пунктінде көлік-логистикалық орталық салу жөнінде ұсыныс жасадық», – деді бельгиялық «Saron Kazakhstan» ЖШС компаниясының президенті Людо Саренс.

ТМД аумағында 20 жылдай жұмыс істеп келе жатқан пәкістандық «STS Jetisu» ЖШС компаниясының бұл Қазақстандағы алғашқы жобасы.

«Алғашқы жобамызды Жетісу облысының аумағында бастағалы отырмыз. Яғни қабырға мен еденге арналған SPC панельдерін шығару жобасын қолға алдық», деді директоры Афтаб Танвир.

Ал қытайлық инвесторлар облыс аумағында екі жобаны іске асырмақшы. Мәселен, «КаусарКарго» ЖШС өкілі Лун Шуньциннің айтуынша, компания Панфилов ауданында көлік-логистикалық хаб жобасын жүзеге асырады. Яғни халықаралық автовокзал, уақытша сақтау қоймасы, газ-турбиналық станция, сауда-ойын-сауық орталығы сияқты бірқатар нысандарын салады. Сол сияқты «Envision KKS» ЖШС «Қорғас Шығыс қақпасы» АЭА аумағында жел генераторларын өндіретін зауыт жобасын қолға алуда.

«Жетісу облысы құрылғаннан бері өңір экономикасына 1,2 трлн теңге инвестиция тартылып, ол 135 жобаны іске асыруға және 3,8 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Мәселен, қазіргі таңда неміс компаниясымен бірлесіп халықаралық жүк-жолаушы әуежайының құрылысы басталса, чилилік компаниямен бірге тау-кен өнеркәсібіне арналған диірмендік шар өндіретін зауыттың құрылысы қолға алынған. Енді Бельгия, ҚХР, Пәкістан инвесторларымен жаңа келісімдер жасалды. Аталған бастамалар өңірдің өнеркәсіптік және экспорттық әлеуетін арттыруға, өндіріске халықаралық деңгейдегі озық технологияларды енгізуге, жалпы алғанда әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады», – деді облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов.

Жалпы биылғы өткен тоғыз айда облысқа тартылған инвестиция көлемі 330,3 млрд теңгеге жетіп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 12,7 % артқан.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.