Премьер-министр Олжас Бектенов өткізген Цифрлық штаб отырысында Digital Qazaqstan бастамасы аясындағы кең ауқымды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын жедел енгізуге арналған стратегияны іске асыру моделі мақұлданды. Құжат экономиканың барлық секторларын трансформациялау мақсатында стратегиялық және операциялық басқару тетіктерін айқындайды.
Стратегиялық деңгейдегі үйлестіруді Цифрлық штаб атқарса, операциялық басқару функциялары жаңартылған Цифрлық трансформация жөніндегі комиссияға жүктелмек. Бұл орган қазіргі Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның негізінде құрылады.
Премьер-министр жауапты мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға жыл соңына дейін технологиялық базис құрайтын «мұзжарғыш» жобаларды әзірлеуді, сондай-ақ Digital Qazaqstan цифрландыру және ЖИ дамыту стратегиясының толық нұсқасын дайындауды аяқтауды тапсырды.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің деректері бойынша стратегия он басым бағыттан тұратын ұлттық «мұзжарғыш» жобалар жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бағыттар:цифрлық мемлекеттік қызметтер, денсаулық сақтау, білім беру және еңбек нарығы, цифрлық экономика, деректер, киберқауіпсіздік, робототехника, цифрлық инфрақұрылым, реттеу және стартаптар экожүйесі.
Білім беру саласындағы жобалардың қатарында: ЖИ-университетін құру, Tomorrow-school ауқымын кеңейту, GPT Education платформасын енгізу, оқушыларға арналған жасанды интеллект бағдарламасын іске қосу көзделіп отыр.
Бұл бастамалар цифрлық сауаттылықты арттыруға және Қазақстанның PISA рейтингіндегі көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған.
Сонымен қатар, стратегияны жүзеге асыру есебінен ЖИ-дың экономикалық өсімді жеделдетуі, бизнес-процестердің автоматтандырылуы және мемлекеттік қызметтердің тиімділігі артуы күтіледі. Сонымен қатар, жоғары технологиялық жаңа салалар мен жұмыс орындары пайда болып, STEM бағытында кадрлар даярлау күшейеді.
Үкімет ақпаратына сәйкес, 2018-2024 жылдары Қазақстандағы электрондық сауданың үлесі 2,6%-дан 14,5%-ға, қолма-қол ақшасыз төлемдер 30%-дан 89%-ға дейін өскен. Сонымен қатар цифрлық сауаттылық деңгейі 83%-дан 91,2%-ға, мемлекеттік қызметтердің электрондық форматы 80%-дан 93,3%-ға, интернет қамту 82%-дан 96%-ға дейін көтерілді. Цифрлық экономика мамандарының саны 182-ден 190 мыңға өсті, ал стартаптарға инвестициялар – $200 млн-нан $665,5 млн-ға артты. EGDI рейтингінде Қазақстан өз позициясын 28-ші орыннан 24-ші орынға дейін жақсартты.