Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS
  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. Астанада роботтар шайқасының жеңімпаздары анықталды
  1. Жаңалықтар
  2. Диджитал
Astana, Kazakhstan • 25 қараша, 2025 | 17:44
1 минут - оқу уақыты

Астанада роботтар шайқасының жеңімпаздары анықталды

Оқушылар үш күн бойы робототехника, бағдарламалау, инженерия дағдыларын көрсетті

QazMonitor Logo
Qazaqstan Monitor: Астанада роботтар шайқасының жеңімпаздары анықталды

Астанада халықаралық STEM олимпиада мен «Роботтар шайқасы» халықаралық сайысы өтті. Жарысқа Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия және Моңғолия елдерінен 85 команда құрамында 250-ден астам мектеп оқушысы келген.

Қатысушылар Қазақстан астанасына өздерінің инженерлік жобаларын алып келіп, үш күн бойы робототехника, бағдарламалау, инженерия және 3D-модельдеу бағыттарындағы дағдыларын көрсетті. Бағдарламаға жарыстық тапсырмалар, жобаларды қорғау, сондай-ақ New Generation School және Nazarbayev University алаңдарында өткен екі күндік «Роботтар шайқасы» кезеңі кірді.

Халықаралық STEM-олимпиада 2025 қорытындысы бойынша 1 орын – «SuperNOVA» командасы, 2 орын – «NamanganPM2» командасы, 3 орын – «3cotH» командасы алды. «STEM-олимпиада – бұл жай ғана жарыс емес, бұл – Астананың болашағы қалыптасатын орта. Бүгін оқушылар инженерия мен технологияларды игеріп жатса, ертең дәл солар қаланың игілігі үшін жұмыс істейтін шешімдерді жасайды. Біздің міндетіміз – оларды дәл қазір қолдау, өсуге мүмкіндік беру және идеялардың нақты жобаларға айналуына жағдай жасау», – деді «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасы Ғизат Әмірғали.

«Роботтар шайқасы» сайысы бағдарламаның ең тартысты бөлігі болды. Командалар салмағы 15 килограмға дейінгі өздерінің жекпе-жек роботтарын таныстырып, конструкциялардың беріктігі, басқару дәлдігі және инженерлік шешімдердің тиімділігі бойынша сынға түсті. Бұл жарыста «Sycret Arts» командасы бірінші орын, «Victory» командасы екінші, «B1mo» командасы үшінші, ал «Arasaka» командасы төртінші орынды иеденді.

Биыл алғаш рет олимпиада аясында командалардың тәлімгерлері арасында да арнайы конкурс өтті. Жұмыстарды кешенді бағалау нәтижесінде үш жеңімпаз анықталып, оларға дипломдар мен сыйлықтар табысталды.

Еске салсақ, Астанада STEM-олимпиадалар 2018 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде техникалық ғылымдар саласындағы жас таланттарды қолдаудың негізгі алаңы ретінде қалыптасты.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.