Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. Қазақстан мен Түрікменстан тікелей телекоммуникациялық байланыс жобасын бастайды
  1. Жаңалықтар
  2. Диджитал
Astana, Kazakhstan • 25 қараша, 2025 | 11:14
1 минут - оқу уақыты

Қазақстан мен Түрікменстан тікелей телекоммуникациялық байланыс жобасын бастайды

Екі ел eGov, ЖИ және талшықты-оптикалық магистральдар бойынша ынтымақтастықты күшейтеді

gov.kz
gov.kz

Қазақстан мен Түрікменстан цифрлық технологиялар және байланыс саласындағы ынтымақтастықты нығайтады. Түрікменстанның Байланыс министрі Қажымұрат Құдайғұлыев ҚР Премьер-министрінің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевпен, сондай-ақ вице-министр Досжан Мұсалиевпен екіжақты кездесу өткізді.

Тараптар цифрлық экономиканы және электрондық үкіметті дамыту, халықаралық деректер транзитінің өткізу қабілетін арттыру, жасанды интеллект саласындағы әріптестікті кеңейту, «Қазпошта» АҚ арқылы цифрлық сауданы дамыту мүмкіндіктері, ғарыш саласындағы өзара іс-қимыл және Алматыда Тұрақты даму үшін цифрлық шешімдер жөніндегі өңірлік орталық құру туралы Қазақстанның бастамасын қолдау секілді бірқатар маңызды бағыттарды талқылады.

Кездесуде талқыланған негізгі тақырыптарының бірі – Қазақстан мен Түрікменстан телекоммуникациялық желілерінің халықаралық түйісу нүктесін ұйымдастыру жобасы болды. Бұл – екі елдің желілерін тікелей әрі сенімді байланыстыруды мақсат ететін маңызды инфрақұрылымдық бастама.

«Жоба Темірбаба (Қазақстан) – Бекдаш (Түрікменстан) учаскесінде жерасты талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды көздейді. Бұл желінің іске қосылуы өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтіп, халықаралық байланыс арналарының өткізу қабілетін арттырады және Орталық Азиядағы жаңа цифрлық бағыттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді», деді Цифрлық даму министрлігі.

Сонымен қатар сапар аясында Қазақстанның «TNS-Plus» ЖШС мен Түрікменстанның «Туркментелеком» компаниясы арасында ниеттестік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат екі елдің магистралдық телекоммуникациялық желілерін біріктіретін шекаралық кабельдік өткел салу жөніндегі келісімді бекітеді.

Жобаны іске асыру үшін бірлескен жұмыс тобы құрылады. Топ болашақ желінің техникалық параметрлерін, мемлекетаралық шекараны кесіп өтетін нүктені айқындап, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлейді. Негізгі құрылыс жұмыстарын меморандумға қол қойған күннен кейін 12 ай ішінде аяқтау жоспарланып отыр.

Айта кетейік, аталмыш жоба мемлекетаралық маңызға ие: ол Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның хаттамасына енгізілген және салалық ведомстволар деңгейінде саяси қолдау тапты. Оның жүзеге асуы телекоммуникация саласындағы серіктестікті нығайтады және екі ел арасындағы халықаралық байланыс қызметтерінің сапасын жаңа деңгейге көтереді.

Бұған қоса тараптар АКТ және коммуникациялық инфрақұрылым саласындағы әріптестікті одан әрі кеңейтуге дайын екенін растады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.