Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. Қазақстанның ұлттық суперкомпьютері әлемдік TOP500 рейтингіне енді
  1. Жаңалықтар
  2. Диджитал
Astana, Kazakhstan • 18 қараша, 2025 | 15:45
1 минут - оқу уақыты

Қазақстанның ұлттық суперкомпьютері әлемдік TOP500 рейтингіне енді

Alem.Cloud суперкомпьютері Presight компаниясымен бірлесіп жасалды

Руслан Пряников
Руслан Пряников

Ұлттық «Alem.Cloud» суперкомпьютері әлемдегі ең қуатты есептеу жүйелерінің беделді халықаралық рейтингі – TOP500 тізімінде 86-орынды иеленіп, әлемдік технологиялық элита қатарына қосылды.

Бұл рейтингке тек HPL (High-Performance Linpack) стандарты бойынша тәуелсіз тестілеуден өткен, яғни әлемдік деңгейде мойындалған есептеу өнімділігіне ие кластерлер ғана енгізіледі.

«Alem.Cloud» ұлттық суперкомпьютер кластері «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ инфрақұрылымының негізінде құрылған болатын. Суперкомпьютер жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеулер және үлкен деректерді талдау бағыттарындағы жобаларды іске асыруға арналған. Кластердің архитектурасы жоғары тығыздықтағы бірыңғай GPU-кешеніне біріктірілген 64 HPE Cray серверінің базасында іске қосылған. Әрбір есептеу торабы жоғары жылдамдықты қамтамасыз ететін NVIDIA H200-бен жабдықталған.

«Alem.Cloud суперкомпьютері жобасы Біріккен Араб Әмірліктеріндегі G42 тобына кіретін Presight халықаралық технологиялық компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылды. Presight жоғары өнімді есептеу кластерлерін жобалау мен AI экожүйесін дамытуға техникалық қолдау көрсетіп, әлемдік үздік тәжірибелерді Қазақстанның қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік берді», делінген министрлік ақпаратында.

Жүйе жоғары петафлопс диапазонында өнімділікті қамтамасыз етеді және Қазақстан мен Орталық Азия аймағындағы ең қуатты есептеу платформасы болып саналады.

Сонымен қатар суперкомпьютер бағдарламалық жасақтамасы SUSE Harvester (виртуализация және таратылған есептеулерге арналған жаңа буын гипервизоры), SUSE Rancher (Kubernetes пен AI-жүктемелерін орталықтан басқару платформасы) технологияларын қамтиды. Кластердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін SUSE NeuVector (контейнерлік қауіпсіздік, желілік бақылау және рантайм-қорғау жүйесі), Palo Alto Networks желілік сегментация және киберқауіпсіздік шешімдері, сондай-ақ Thales криптографиялық және аппараттық шифрлау құралдары қолданылады.

Бұған дейін «ҰАТ» АҚ техникалық мамандары халықаралық серіктестермен бірлесіп, HPL (Linpack) әдістемесі бойынша кешенді тестілеу жүргізді. Мақсаты - жүйенің нақты есептеу өнімділігін өлшеу және оның TOP500 рейтингінде тіркеуге дайын екенін растау. Нәтижесінде суперкомпьютер қажетті көрсеткіштерге жетіп, Қазақстанның жаһандық TOP500 рейтингіне ресми түрде өтінім беруіне мүмкіндік берді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.