Шет мемлекеттерден келетін саяхатшылардың шығындарын саралайтын болсақ, олар жергілікті асханаға, қонақжайлылыққа және тауарларға көп қаражат жұмсайтынын аңғаруға болады.
Kazakh Tourism деректеріне сәйкес, орта есеппен шетелдік туристер өз қаражатының басым бөлігін, яғни 27%-ын еліміздің мейрамханалары мен дәмханаларында тамақтануға жұмсайды. Бұл олардың жергілікті ас мәзірі мен қоғамдық тамақтану мәдениетінің дамуына деген қызығушылығын білдірсе керек.
Шетелдік қонақтар шығындарының 23%-ын тұратын орындарға, 23%-ын азық-түлік, кәдесыйлар және ұлттық өндірістің бұйымдары тәрізді тұтыну тауарларын сатып алуға жұмсайды.
Шетелдік қонақтардың қаражатының 12%-ына жуығы әуе тасымалына кетсе, 4%-ына көлік жалдап, еліміздің көрікті жерлері мен табиғи ландшафттарымен танысады. Тағы 4%-ы спорттық және рекреациялық қызметтерге қатысуға жұмсалады.
Сонымен бірге орта есеппен 3%-ын зергерлік әшекейлер, өнер туындылары және антиквариат тәрізді құнды бұйымдарды сатып алуға шығындайды.
«Шетелдік меймандардардың елімізде жұмсайтын қаражат құрылымы туризм индустриясының шағын және орта бизнестің, сондай-ақ қызмет көрсету салаларының дамуына қосатын үлесін көрсетеді», – деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ өкілі Даниел Сержанұлы.