Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Тұлғалар
  3. Қазақ тілі Оксфордта: Әлемдік аудиторияға дәріс оқып жүрген қазақ кім
  1. Жаңалықтар
  2. Тұлғалар
Astana, Kazakhstan • 12 қараша, 2025 | 12:58
1 минут - оқу уақыты

Қазақ тілі Оксфордта: Әлемдік аудиторияға дәріс оқып жүрген қазақ кім

Қазақ тілінен пилоттық курсы аптасына екі рет өтеді

Коллаж QazMonitor
Коллаж QazMonitor

Бүгінде Оксфорд университетінің Азия және Таяу Шығысты зерттеу факультетінде 28 тіл оқытылады, оның ішінде қазақ тілі де бар. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің PhD докторанты Дидар Садық қазіргі уақытта Ұлыбританиядағы Оксфорд университетінде қазақ тілін оқытып жүр.

Аталған бағдарлама елдің Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оксфорд университеті арасындағы келісім аясында жүзеге асырылып жатыр. Бұл әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының оқу үдерісіне қазақ тілін жүйелі түрде енгізуге бағытталған алғашқы пилоттық білім беру бағдарламаның бастамасы.

instagram.com/grants.kz

Қазіргі уақытта Оксфорд университетінің Азия және Таяу Шығысты зерттеу факультетінде 28 тіл оқытылады. Түркі тілдері арасынан түрік, өзбек және әзірбайжан тілдері бұрыннан оқу бағдарламаларында бар болса, енді бұл қатарға қазақ тілі де қосылды. Қазақ тілін халықаралық ғылыми айналымға енгізуге бағытталған маңызды пилоттық жобаның тікелей орындаушысы – Дидар Садық.

Ол – Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қарашоқы ауылының тумасы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде филология мамандығы бойынша білім алып, лингвистика бойынша магистратура оқыған.

Дидар Садық қазір PhD бағдарламасы аясында «Қазақ тілін англофондарға шет тілі ретінде оқыту әдістемесін жетілдіру» тақырыбында ғылыми зерттеумен айналысады. Оксфордта оқытушы ретінде таңдалуына осы ғылыми бағыты мен кәсіби даярлығы себеп болған.

Айта кетейік, Оксфордтағы қазақ тілінен пилоттық курсы аптасына екі рет, төрт сағаттық академиялық форматта өтеді. Курсқа қатысушылар – Азия мен Еуразияны, олардың тарихи-мәдени байланыстарын және тілдік құрылымдарын зерттеуге маманданған жас ғалымдар. Олар қазақ тіліне тек тілдік жүйе ретінде ғана емес, мәдени-өркениеттік феномен ретінде меңгеруге қызығушылық танытып отыр.

Дереккөз: ҚазҰУ

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.