Биыл Қарағанды облысындағы инвестициялар көлемі 932,9 миллиард теңгеден асып, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 4 триллион теңгеге жетті.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың мәліметінше, өңір болат өндіру көлемі бойынша – бірінші, көмір өндіру және картоп өсіру бойынша – екінші, жұмыртқа өндіру бойынша – үшінші, астық жинау бойынша – төртінші орында.
«Ел бойынша жұмыссыздық деңгейі ең төмен өңірлердің бірі – небәрі 4 пайыз, – деді ол.
Сонымен қатар ол облыста индустриялық аймақтар белсенді дамып, шағын өнеркәсіптік алаңдар құрылып жатқанын атап өтті.
Бөлекпаевтың айтуынша, Qarmet компаниясы өндірісті жаңғыртуға 2028 жылға дейін 1,6 триллион теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Кәсіпорын табиғи газға көшіп, цифрлық технологияларды енгізе бастады.
«Біздің облыс алғашқы болып бөлшек салық мөлшерлемесін 2%-ға дейін төмендетті. Соның нәтижесінде салық төлеушілердің саны 30 есеге өсіп, бүгінде төрт мыңнан асты. Ал осы жылы арнайы салық режимі бойынша 5,6 миллиард теңге бюджетке түсті. Жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін де, маслихаттарға 2%-дық мөлшерлемені сақтап қалу жөнінде ұсыным беретін боламыз», әкім.
Сонымен қатар, өңірде жаңа өндіріс орындары ашылып, машина жасау, өңдеу өнеркәсібі және басқа да салаларда жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтты. Атап айтқанда Саран индустриялық аймағында келесі жылы Howo, Sitrak және Shantui маркалы жүк және арнайы техника шығару жоспарланған.