«QazCement Industries» компаниясы мен қытайлық «Sinoma Cement Co., Ltd.» корпорациясының өкілдері Ақтөбе облысының Байғанин ауданында жалпы құны шамамен 200 млн АҚШ долларын құрайтын цемент зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыруды талқылады.
Жоба жылына 1,3 млн тонна цемент өндіретін кәсіпорын салуды (кейіннен 2,5 млн тоннаға дейін кеңейту мүмкіндігімен) көздейді. Бұл бастама Батыс Қазақстан өңірлерінің Ресей мен Ираннан цемент импорттауға тәуелділігін азайтып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Біз әкімдікпен бірлесіп, Батыс Қазақстан өңірлерінің өз өндірістік қуаттарына деген сұранысын жыл сайын Ресей мен Иран импорты есебінен жабылатын «цементтік шұңқырды» анықтадық. Кейін біз қазақстандық компанияға стратегиялық серіктес іздеуде көмек көрсеттік, нәтижесінде қытайлық «Sinoma Cement Co., Ltd.» корпорациясы таңдалды. Жобаның іске асырылуы импортты алмастырумен қатар, өнімді Ресейдің шекаралас өңірлеріне және Орталық Азия елдеріне экспорттауға жаңа мүмкіндік ашады», – деді ол кездесуге қатысқан ҚР СІМ инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанкұлов.
Кездесуде сондай-ақ жобаны инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, құрылыс мерзімдері, өндірісті локализациялау, соның ішінде жергілікті шикізатты (бор, саз, мергель) пайдалану және құрылыста 900-ге жуық, ал іске қосылғаннан кейін 250 тұрақты жұмыс орнын құру мәселелері қаралды.
«QazCement Industries» жобасы Қазақстан Үкіметінің қолдауымен инвестициялық келісім тетігі арқылы іске асырылуда. Келісім шеңберінде инвесторлар өнімнің кемінде 50%-ын ішкі нарыққа жеткізу, сондай-ақ қазақстандық мамандарды үздіксіз оқыту міндеттемелерін өз мойнына алды.
Дереккөз: ҚР Сыртқы істер министрлігі