Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров тамақ өнеркәсібіндегі оң динамика туралы хабарлады. Оның айтуынша, 2025 жылдың 10 айында тамақ өнімдері өндірісінің көлемі 3,1 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,1%-ға артты.
Министр саланы қолдау үшін инвестициялар айтарлықтай өскенін атап өтті. Негізгі капиталға құйылған қаражат 60%-ға артып, 225 млрд теңгені құрады. Қайта өңделген өнім экспорты да 9 айда 2,5 млрд долларды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 32,4%-ға көп.
Өсімнің басым бөлігі ұн, өсімдік майы, сүт, жарма және шұжық өндірісінің артуымен байланысты. Сонымен қатар қайта өңдеу саласына жеңілдетілген несие беру тетіктері кеңейтіліп, жыл басынан бері 100-ге жуық кәсіпорын қаржыландырылды.
Министрлік астықты терең өңдеуді дамытуға басымдық беріп отыр. Қазір жылына 510 мың тонна өнім өндіретін үш кәсіпорын жұмыс істеп тұр. 2028 жылға дейін қуаттылығы 4,8 млн тонна болатын бес ірі жоба іске қосылады. Инвестициялар көлемі 2,6 млрд долларды құрайды, 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Биыл 29 қайта өңдеу жобасы пайдалануға берілді, келесі жылы тағы 50 жоба іске қосылады деп жоспарлануда. 2027 жылы құны 874 млрд теңгеден асатын 26 ірі жоба жүзеге асырылады.
Салада цифрландыру да жалғасуда. Қазір 648 кәсіпорын, оның ішінде 105-і – жүйеқұраушы өндірістер цифрлық технологияларды қолданады. «E-АПК» бірыңғай платформасы арқылы субсидиялау, жерді басқару және өнім қадағалау процестері цифрландырылып жатыр.
Министрдің айтуынша, қабылданып жатқан шаралар қайта өңделген өнім үлесін арттырып, саланың бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.
Дереккөз: ҚР АШМ