Қызылордада 2 252 көрерменге арналған көпфункционалды спорт кешені салынып жатыр. Қызылорда облысы әкімдігінің мәліметінше, жаңа нысан 9 блоктан тұрады. Онда олимпиада стандарттарына сай жүзу бассейні, футзал, баскетбол және волейбол алаңдары, сондай-ақ 150 орындық конференц-зал қарастырылған. «Қызылорда Арена» құрылысын 2026 жылдың желтоқсанында толық аяқталады делініп отыр.
Айта кетейік, Қызылордада 2025 жылдың 4 қазанында 11 мың орындық Орталық стадион ашылды. Бұл – елімізде УЕФА талаптарына сай салынған үшінші стадион. Жаңа нысанның жалпы аумағы 20 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда жасыл алаңнан бөлек, бокс, дзюдо, грек-рим және еркін күрес, фитнес, спорттық гимнастика және ауыр атлетика залдары орналасқан.