Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. «Қорғас торабы» трансшекаралық хабында 40 жоба іске асырылды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 25 қараша, 2025 | 15:56
2 минут - оқу уақыты

«Қорғас торабы» трансшекаралық хабында 40 жоба іске асырылды

2027 жылдың соңына дейін 1,1 трлн. теңгеге 65 жобаны іске асыру жоспарланып отыр

  gov.kz / Дмитрий Ерофеев
gov.kz / Дмитрий Ерофеев

«Қорғас торабы» трансшекаралық хабында құны 76 млрд. теңге болатын 40 жоба іске асырылды, соның нәтижесінже екі мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Жетісу облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, олардың қатарында қуаты тәулігіне 1400 вагонды өңдеуге мүмкіндік беретін «KTZE-Khorgos Gateway» құрғақ порты, «SSA FEED Mills» ЖШС-ның құрама жем өндіру зауыты, «Майами Солар» ЖШС-ның күн батареяларын өндіретін зауыты т.б. ірі жобалар бар.

«Жалпы 2027 жылдың соңына дейін 9 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын, 1,1 трлн. теңгеге тағы 65 жобаны іске асыру жоспарлануда», деді әкімдікте.

Бүгінгі күні «KTZE - Khorgos Gateway» құрғақ портының кеңейту жұмыстары аясында 2 темір жол жаңғыртылды, қосымша 8 жол салынып, қазіргі кезде 16 жол қызмет көрсетіп жатыр. Әкімдікте бұл терминалдың өткізу қабілетін жылына 540 мыңнан 800 мың контейнерге дейін, яғни бір жарым есе арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сондай-ақ «SKYHANSA» компаниясының халықаралық жүк-жолаушы әуежайын салудың инженерлік инфрақұрылымның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жобаға тартылатын инвестиция көлемі 250 млрд. теңге, 700 жұмыс орны ашылады.

«Сонымен қатар «Қорғас» орталығында жаңғырту жасалып, екінші багаж терминалы іске қосылды, Face ID және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграция енгізілді, жүк тасымалдау бойынша «Қазпошта» АҚ жұмысы басталды. Осының нәтижесінде орталыққа келушілер саны тәулігіне 2,5 мыңнан 5 мың адамға дейін өсті», делінген ақпаратта.

Оған қоса, «Нұр жолы» пунктінде өткізу қабілетін арттыру, көлік легін оңтайландыру және процестерді цифрландыру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Тәулік бойы жұмыс режимі мен электронды кезек жүйесі енгізіліп, соның нәтижесінде өткізу қабілеті екі есеге артып, тәулігіне 800-ден 1600 автокөлікке дейін өскен.

«Биыл «Нұр жолы» өткізу пунктінде ірі өлшемді және жеңіл көліктерге арналған ұзындығы 2,4 шақырым айналма жолдың құрылысы аяқталды. Жоба аясында көлік легін «Қорғас» орталығына бағыттау жоспарланып отыр, бұл өткізу пунктіндегі жүктемені 40-45% төмендетуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, бельгиялық «Saron Kazakhstan» (SARENS) компаниясы екінші айналма жолдың, сондай-ақ ірі тоннажды көліктерге арналған уақытша қойма мен жинақтаушы алаңның құрылысын бастады. Жобаның құны – 8 млрд. теңге, құрылыс жұмыстары 2026 жылдың соңы аяқталады деп жоспарланған», деді әкімдікте.

Бүгінгі күні елімізде Алтынкөл–Жетіген екінші жолдарының құрылысы жүріп жатыр, жалпы ұзындығы 294 шақырым, оның 64 шақырымы Жетісу облысынан өтеді. Аталған жолдың құрылысы 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қатар, Ынталы-Алтынкөл аралығындағы учаскеден «KTZE–Khorgos Gateway» компаниясының тиеу-түсіру терминалына апаратын темір жол құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

Әкімдік мәліметінше, осы жобаларды іске асыру нәтижесінде Алтынкөл станциясының өткізу қабілетін тәулігіне 18-ден 30 пойызға дейін, ал жүк тасымалы 1,7 есеге артады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.