Энергетика министрлігі мен «Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық» ЗТБ еліміздегі ірі мұнай-газ жобаларында тауарлар мен қызметтердегі жергілікті қамтуды ұлғайту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.
Осы мақсатта ішкі нарықта отандық өнімдерді ілгерілетуге бағытталған мемлекеттік қолдау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді қазақстандық өндірушілердің халықаралық сертификаттаудан өтуді өтеу мөлшері 3000 АЕК-тен 15 000 АЕК-ке дейін ұлғайды. Бағдарламаның жалпы бюджеті 2 млрд теңгеден асады.
Жаңартылған шаралар шығындардың 60 млн теңгеге дейінгі бөлігін өтеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде бизнеске түсетін қаржылық жүктеме азайып, сертификаттаудан өтуге байланысты тәуекелдер біршама төмендейді. Ал халықаралық сертификаттардың болуы қазақстандық тауар өндірушілердің мұнай-газ операторларының сатып алуларына қатысуын кеңейтіп, экспорттық әлеуеттің артуына және импортқа тәуелділіктің төмендеуіне ықпал етпек.
Дереккөз: ҚР Энергетика министрлігі