Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы ең ірі өңіраралық ынтымақтастық платформасы (ASEM) шеңберінде маңызды рөлге ие болды.
Жақында Бухарестте өткен ASEM Білім беру саласындағы алғашқы кеңесінде Астанада, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында ASEM Lifelong Learning Hub (ASEM LLL Hub) Орталық Азия өңірлік орталығын құру туралы шешім жарияланды. Бұл бастама Қазақстанның үздіксіз білім беруді дамытудағы және жаһандық білім беру саясатын қалыптастырудағы орнын айқындай түседі.
Жиынға Ұлттық жоғары білім беру орталығы директорының міндетін атқарушы Әлібек Мәдібеков қатысып, Қазақстанның үздіксіз білім беруді дамыту, микробіліктіліктерді енгізу, цифрлық трансформация және білім беру бағдарламаларын жаңғырту жөніндегі ұлттық тәжірибесі, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы еліміздің жұмысы туралы баяндама жасады.
Сонымен қатар ASEM LLL Hub желісінің құрылымдық кеңею туралы жарияланды. Оның аясында Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында Орталық Азия өңірлік орталығын құру жоспарланған. Жаңа орталық зерттеу жобаларын үйлестіру, микробіліктіліктерді дамыту, Орталық Азия университеттерінің Еуропа және Азия әріптестерімен ынтымақтастығын нығайту, сондай-ақ өңірде үздіксіз білім беру саясатын ілгерілету платформасына айналады.
Айта кетейік, ASEM – Еуропа мен Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың ең ірі өңіраралық платформасы. Оның білім беру бағыты академиялық ұтқырлықты дамытуға, біліктіліктерді тануға және ұлттық білім беру жүйелерін жетілдіруге бағытталған. Бұл архитектурада ASEM Lifelong Learning Hub (ASEM LLL Hub) ерекше орын алады – 2004 жылы құрылған университеттер, зерттеу орталықтары және мемлекеттік құрылымдардың ресми желісі. Хаб екі өңірдің сарапшылары мен ұйымдарын біріктіріп, дәлелді білім беру саясатын дамытуға, зерттеулер жүргізуге және үздіксіз білім беру саласындағы озық тәжірибелерді таратуға ықпал етеді.
Дереккөз: Ғылым министрлігі