Келесі жылы түріктің Iskefe Holding компаниясы Қазақстанда қуаты 7 000 тонна болатын кәсіпорынның құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Iskefe Holding компаниясының басқарма төрағасы Билал Алкочтың кездесуінен кейін белгілі болды.
Жобаның жалпы құны 22,5 млрд теңгені құрайды. Министрдің айтуынша, бұл жоба өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін стратегиялық маңызға ие және тері-шикізатты өңдеуге тереңірек тартуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Қазақстанда жыл сайын 3,3 млн ірі қара малдың терісін және 3,1 млн ұсақ малдың терісін өңдейтін 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Алайда, көрсеткіш деңгейі төмен. Мәселен, былтыр тері-шикізаттың 5,9%-ы ғана өңделген, 7,7%-ы экспортталған, ал 86,4%-на сұраныс болмаған.
«Жоба агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін маңызды. Жаңа зауыт өңдеуге айтарлықтай көлемде шикізат тартуға, саланың тиімділігін арттыруға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге мүмкіндік береді. Біз жобаны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», деді Айдарбек Сапаров.
Министр сондай-ақ тері және жүн өңдеуді дамытуға мемлекет тарапынан инвестициялық субсидиялар, жүн қырқу бекеттерін, мобильді кешендерді және жабдықты субсидиялау, жүнді өңдеуге тапсыратын фермерлерге төлемдер, салықтық жеңілдіктер сияқты басқа да көптеген қолдау шаралары туралы айтып өтті.
2024–2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында 70-тен астам жүн қабылдау және 200-ге жуық тері қабылдау пунктін ашу жоспарланған. Бұл өңдеу кәсіпорындары үшін тұрақты шикізат базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Дереккөз: АШМ