Қазақстанда оқу жылы басталғалы бері педагогикалық қолдау орталықтары 33 мыңнан астам сабақ өткізіп, оған 1,1 миллионнан астам ата-ана қатысты.
Елімізде ата-аналарға педагогикалық қолдау орталықтарының 3.0 бағдарламасы жалғасып жатыр. Бағдарлама саналы ата-ана болу дағдыларын дамыту, мектеп пен отбасы арасындағы өзара байланысты нығайтуды көздейді.
Бағдарлама аясында ата- аналарға арнайы дайындықтан өткен педагогтер мен психологтар дәріс береді. Қазақстандық отбасылар арасында «Жеке үлгі арқылы тәрбиелеу» және «Балалардың қауіпсіздігі – ересектердің қамқорлығы» тақырыптарына сұраныс көп түскен. Бұл сабақтарда ата-аналар сенімді нығайту, баламен эмоционалды байланыс орнату және тәуекелдердің алдын алу бойынша пайдалы кеңестер алады.
Сауалнама нәтижелері ата-аналардың балаларымен қарым- қатынасының жақсарғанын көрсетіп отыр. Зерттеу сұрақтарына жауап берген ата- аналардың 72,6% балаларымен күнде сөйлесе бастағанын, 89,6% қиындықтарға дер кезінде жауап беріп үйренгенін, 78% баланың ортасын жақсы тани бастағанын айтқан. Әрбір екінші ата-ана тәрбиелеу тәсілін қайта қарауға дайын, ал шамамен үштен бірі балалардың оқу және мәдени дамуына белсенді қатыса бастағанын айтады.
Айта кетейік, ата-аналарға педагогикалық қолдау орталықтары 2023 жылы «Адал азамат» бағдарламасы аясында елдегі барлық мектептерде іске қосылды. Орталық ата-аналарды қолдау мақсатында баланы тәрбиелеу мен дамытуға бағытталған практикалық құралдарды ұсынады.
Дереккөз: Оқу-ағарту министрлігі