Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстан Президенті: Ресей – Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 13 қараша, 2025 | 10:41
2 минут - оқу уақыты

Қазақстан Президенті: Ресей – Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында бірлескен мәлімдеме жасады

Ақорда
Ақорда

Президент Ресейге мемлекеттік сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынасты одан әрі нығайту тұрғысынан аса маңызды деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі елдің ықпалдастығы жаңа мазмұнмен ұдайы толығып келеді.

«Өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, жоғары технологиялар, цифрландыру, гуманитарлық ықпалдастық, сондай-ақ жаңа инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне баса мән бердік», – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей – Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі саналатынына тоқталды.

«2024 жылдың қортындысы бойынша тауар айналымы шамамен 28 миллиард долларды құрап, биылғы 8 айда 17 миллиард доллардан асты. Алдымызға екіжақты сауда көлемін 30 миллиард долларға дейін жеткізу міндетін қойдық. Ресейден Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллардан аса тікелей инвестиция құйылды. 2024 жылы Ресейдің салған капитал көлемі рекордтық 4 миллиард долларға дейін өсіп, еліміздің ірі инвесторына айналды. Қазақстанның Ресейге құйған инвестициясы да артып, оның өзіндік құны 15 жылда шамамен 9 миллиард долларға жетті», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Ақтау қаласында Ресей Бас консулдығының ашу, энергетика саласындағы серіктестік келіссөздерге арқау болғанын атап өтті.

«Соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай прогреске қол жеткіздік. «Росатом» компаниясымен еліміздегі алғашқы АЭС құрылысы бойынша нәтижелі жұмыс атқарылып жатқанын атап айтқым келеді. Біз мұнай мен оның өнімдерін, көмір, электр энергиясын өндіру, тасымалдау және жеткізу бағыттарындағы серіктестікті нығайтуға келістік. Газ саласындағы ынтымақтастық перспективасын, атап айтқанда, Қазақстанның Ресеймен шекаралас өңірлерін көгілдір отынмен қамту, сондай-ақ үшінші елдерге тасымалдау мәселелерін егжей-тегжейлі талқыладық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Халықтарымыздың бірлігін арттыруда мәдени-гуманитарлық байланыстар айрықша рөл атқаратынын жеткізді. Сондай-ақ келіссөздер барысында өңірлік және жаһандық күн тәртібіне қатысты пікір алмасқанын жеткізді.

«Қазақстан мен Ресей көпжақты алаңдарда белсенді әрі табысты ықпалдастық орнатқан. Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы және басқа да көпжақты құрылымдар аясында іс-қимылымызды одан әрі үйлестіруге дайын екенімізді растадық», – деді Қазақстан Президенті.

Владимир Путин келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойылғанын атап өтті.

«Саясат, қауіпсіздік, сауда-инвестициялық, мәдени-гуманитарлық салаларда ұзақ мерзімді перспективадағы бірлескен жұмыстың нақты бағыттары үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдер мен меморандумдарда белгіленді. Әрине, келіссөздерде экономикалық ықпалдастыққа басымдық берілді. Қазақстан – Ресейдің ТМД және тұтас еуразиялық кеңістіктегі ірі сауда серіктестерінің бірі. Сонымен қатар елдеріміз арасындағы алыс-беріс үнемі әртараптандырылып келеді. Онда шикізаттық емес өнімдердің үлесі көп», – деді Ресей Президенті.


Дереккөз: Ақорда

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.