Жыл басынан бері 283,9 мың адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылып, 714 мың қазақстандық жұмысқа орналасқан.
Еңбек министрлігінің ақпаратына сәйкес, субсидияланатын жұмыс орындарына 161,7 мың адам жұмысқа ораналасқан, оның ішінде: әлеуметтік жұмыс орындарында 13,1 мың адам, жастар практикасында 25,6 мың адам, қоғамдық жұмыстарда 98,7 мың адам қабылданды. Сондай-ақ «Күміс жас» жобасы аясында 17,9 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 6,2 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы шеңберінде 289 адам жұмыспен қамтылды.
«Халықтың әлеуметтік осал санатына жататын азаматтардың жаңа бизнес-бастамаларды жүзеге асыруына 400 АЕК-ке дейін (1 572 800 теңге) 8 968 грант берілді», деді ведомствода.
Сонымен қатар 55,9 мың жұмыссыз еңбек нарығындағы сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқу өтіп, оның 51,4 мыңы оқуды аяқтап, сертификат алды. Ал «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 48,4 мың адам қамтылды, оның ішінде 27 мың адам оқуды аяқтады.
2025 жылғы 1 қарашада 714 мың адам жұмысқа орналастырылған, нақты айтсақ халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде – 170,7 мың адам; Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер орналастырған бос жұмыс орындарына 175,7 мың адам; Президенттің «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде – 333,6 мың адам; орталық мемлекеттік органдар іске асыратын жобалар шеңберінде – 34 мың адам жұмыспен қамтылған.
Дереккөз: Еңбек министрлігі