Шығыс Қазақстан облысында «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында микрокредит алуға өтінімдер қабылдау қайта басталды.
2023–2025 жылдар арлығында өңірде жалпы құны 4 035,1 млн теңгені құрайтын 400 жоба қаржыландырылып, 597 жұмыс орны ашылды.
Тек биылдың өзінде облыста 1,5 млрд теңгеге 115 жаңа жоба мақұлданып, оның 38-і ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері арқылы іске асырылып жатыр. Кәсіпкерлердің көбі туризм (54%), ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу (12,4%) және ауылшаруашылығы саласына жатпайтын бизнеске (18%) қызығушылық білдірген.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы аталған бағдарлама грант немесе қайтарымсыз көмек емес, міндетті түрде қайтарылатын және нысаналы пайдалану талап етілетін жеңілдетілген микрокредит екенін еске салды. Сондықтан әрбір өтінім беруші өтінім жасамас бұрын өз мүмкіндігін, бизнес-идеясын және тәуекелдерін жан-жақты бағалауы қажет.
Осы орайда өтініш берушілерге жобаның бизнес-жоспарын және өтелу мерзімінің есебін мұқият әзірлеуді, өнімді немесе қызметті өткізудің әлеуетті нарықтарын алдын ала айқындауды, кепіл мүлкі мен қаржылық міндеттемелер талаптарын бағалауды және құжаттардың толық тізбесімен және бағдарлама шарттарымен танысуды ұсынды.
Еске салсақ, бағдарламаға жұмыссыз азаматтар, кәсіпкерлік қызметін тіркеусіз жүзеге асырып жүрген тұлғалар, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары, ауыл шаруашылығы кооперативтері және олардың мүшелері қатыса алады. Қатысушының жоба жүзеге асырылатын елді мекенде кемінде 12 ай тұрақты тіркеуі болуы міндетті талаптың бірі.
Бағдарлама аясында 2,5% сыйақы мөлшерлемесімен 2 500 АЕК-ке дейін (қайта өңдеу және кооперативтер үшін – 8 000 АЕК-ке дейін) несие алуға болады. Кредит мерзімі ауылшаруашылығы саласына жатпайтын жобаларға 5 жылға дейін, ал ауыл шаруашылығы өндірісі мен қайта өңдеу жобаларына 7 жылға дейін деп белгіленген. Кредит 21–63 жас аралығындағы азаматтарға беріледі.
Дереккөз: Атамекен палатасы