Үкімет отырысында көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров теміжол вокзалдарын жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Жобаға тапсырыс беруші – «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы екені, ал мердігер ұйымдарды жергілікті атқарушы органдар ұсынғаны тілге тиек етілді.
«Қазіргі уақытта 100 нысан бойынша жобалық-сметалық құжатама мемлекеттік сараптамадан өтуде. Қыс мезгіліне дайындық қамтамасыз етілген. Жолаушыларға арналған уақытша құрылыстар мен күту аймақтары дайын. 124 нысанның 121-інде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Қалған 3 вокзал бойынша тарихи-мәдени мұра нысандары ретінде ғылыми-зерттеулер жалғасуда. Ол нысандарға жөндеу 2026 жылы жүргізілетін болады», – деді вице-министр.
Оның айтуынша вокзалдардың шамамен 70%-ында отыз жылдан астам уақыт бойы жөндеу жүргізілмеген. Техникалық тексерулер нәтижесінде кейбір тіреуіш бағандар мен жекелеген конструкцияларда ары қарай пайдалануға жарамсыз ақаулар анықталған. Осыған байланысты 42 нысан толықтай сүрілген.
«Биыл 80-нен астам вокзал пайдалануға беріледі. Жергілікті атқарушы органдар мен мердігер ұйымдар құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқынын күшейтуі қажет», – деді ол.