Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы аясында екі мыңға жуық өндіріс қызметкері баспаналы болды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 08 қараша, 2025 | 13:05
1 минут - оқу уақыты

«Наурыз жұмыскер» бағдарламасы аясында екі мыңға жуық өндіріс қызметкері баспаналы болды

Бағдарлама конкурстық іріктеусіз өтеді

Руслан Пряников
Руслан Пряников

Биыл Қазақстанда жұмысшы мамандарды қолдау мақсатында «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бағдарлама өндірістік және инфрақұрылымдық сала қызметкерлеріне арналған.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, 2025 жылы іске қосылған бұл бастама аясында бүгінгі таңда 1 990 қазақстандық баспаналы болды.

«2025 жыл - Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланған жылы Қазақстанда өндірістік сала қызметкерлерін қолдау шаралары белсенді түрде жүзеге асырылуда. Сол бастамалардың бірі «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы. Бүгінгі таңда бұл бағдарлама арқылы 1 990 адам қоныстойын атап өтті», делінген хабарламада.

Еске салсақ, аталған бағдарлама бойынша өтінімдерді қабылдау 17 наурызда басталған болатын. Бағдарлама арқылы баспаналы болғандар арасында құрылыс, электр энергиясын беру және бөлу, автокөлік өндірісі, кен өндіру, мұнай және газ өңдеу, ауыл шаруашылығы, су ресурстары және ирригация сияқты негізгі салалардың мамандары бар.

Ең көп несие алғандар — өнеркәсіп және құрылыс саласының қызметкерлері (1 176 адам). Одан кейінгі орында көлік саласының өкілдері (396 адам), ал үшінші орында энергетика мамандары (269 адам).

Бағдарлама 1 143 экономикалық қызмет түрін және 8 230 жұмыс мамандығын қамтиды. Қатысу үшін конкурстық іріктеу талап етілмейді, тек жұмыс орнынан лауазымы мен кәсіп түрі көрсетілген анықтама жеткілікті.

Қатысушылардың орташа жасы — 31 жас, ал жаңа қоныс иелерінің 20 пайызы – жұмысшы әйелдер. Бұл көрсеткіш әйелдердің өндірістік саладағы белсенділігінің артқанын көрсетеді.

Еске салсақ, жұмысшылар аталған бағдарлама аясында баспананы мегаполистер мен облыс орталықтарындағы жаңа тұрғын үй кешендерінен алғашқы баспананы, немесе моноқалалар мен ауылдық елді мекендерден екінші нарықтағы үйлерді сатып ала алады. Несие сомасы Астана мен Алматыда – 36 млн теңгеге дейін, өңірлерде – 30 млн теңгеге дейін беріледі, ал мөлшерлеме: жылдық 7–9% аралығында. Сонымен қатар банкте кемінде 2 млн теңге жинағы бар депозиттің болуы, соңғы 5 жылда тұрғын үйдің болмауы, ресми табыс пен зейнетақы аударымдарының болуы сияқты міндетті шарттары бар.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.