Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды.
Ішкі саясат саласында жүргізіліп жатқан барлық жұмысты реттейтін бірыңғай тұжырымдамалық құжат әзірлеуді Ұлттық құрылтайдың IV отырысында сарапшылар мен қоғам қайраткерлері ұсынған. Президент бұл идеяға қолдау білдіріп, оның мемлекеттік құрылымдар жұмысын жүйелендіруге бағытталуы керек екенін атап өткен болатын.
Аталмыш құжатты Президент Әкімшілігі мен мүдделі мемлекеттік органдар Ұлттық құрылтайдың мүшелері, сарапшылар, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен бірлесе отырып, Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларын, сөйлеген сөздерін, Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын негізге ала отырып дайындады.
Құжат ішкі саясат саласындағы жұмысты жүйелеуге әрі үйлестіруге жауапты мемлекеттік органдарға арналып, онда «Заң және тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» секілді ішкі саясат қағидаттары қамтылады.
Сондай-ақ Ұлттық құрылтай отырыстарында көтерілген жалпыұлттық құндылықтардың тізбесі енгізіліп, жалпыұлттық бірегейлікті танытатын ұлттық нышандар жүйесі жасалды. Сонымен бірге қоғамдық диалог, этносаралық қатынас, дін, мәдени-гуманитарлық, отбасы, жастар, ақпарат секілді ішкі саясаттың басым бағыттары айқындалған.