Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Шымкент оқушылары әлемдік жарыста жеңімпаз атанды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 05 қараша, 2025 | 15:01
1 минут - оқу уақыты

Шымкент оқушылары әлемдік жарыста жеңімпаз атанды

Оқушылар косметикалық өнімдердің қауіпсіздігі анықтайтын жоба ұсынған

Шымкент қаласының әкімдігі
Шымкент қаласының әкімдігі

Синтетикалық биология саласындағы әлемдегі ең беделді жарыс – International Genetically Engineered Machine (iGEM 2025) халықаралық байқауында Қазақстанның жалғыз мектеп командасы – NIS-Kazakhstan күміс медальді жеңіп алды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

NIS-Kazakhstan командасы құрамына Шымкент қаласындағы екі Назарбаев Зияткерлік мектебінің (Қаратау және Абай аудандары) оқушылары, сондай-ақ, Петропавл мен Түркістандағы NIS және өзге де жалпы білім беретін мектептердің шәкірттері енді. Оқушылардың бұл бірегей құрамы инновациялық ойлау мен ғылыми ізденістің жарқын үлгісін көрсетті.

Команда өз жобасында косметикалық өнімдердің қауіпсіздігін анықтау мәселесін көтеріп, қоғам назарын осы бағытқа аударды. NIS-Kazakhstan әзірлеген proof of concept жүйесі генетикалық модификацияланған HEK293T жасушаларының негізінде жасалған. Бұл жоғары технологиялық шешім косметикалық заттардың құрамындағы қауіпті компонент – гидрохинонды анықтауға бағытталған. Бұл жоба – жай ғана зерттеу емес, ол – адам денсаулығын қорғауға және тұтынушылардың ақпараттандырылуына бағытталған нақты қадам.

Зерттеудің келесі кезеңі кез келген тұтынушыға косметикалық өнімдер құрамын тез және оңай тексеруге мүмкіндік беретін портативті биосенсор құрастыру. Бұл құрал биотехнологияның күнделікті өмірге енуінің және қауіпсіздікті арттырудың жарқын мысалы бола алады.

Айта кетейік, iGEM биоинженерия мен гендік технологиялар арқылы жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған жас зерттеушілердің басын қосатын ең ауқымды ғылыми жарыстардың бірі. Биыл байқауға 60-тан астам елден, оның ішінде университеттер мен аспиранттық деңгейдегі зертханалар бар, 400-ге жуық команда қатысты. Осы орасан зор бәсекеде қазақстандық мектеп оқушыларының күміс медаль алуы отандық білім беру мен ғылыми даярлықтың жоғары деңгейін көрсетеді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.