Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. «Алтын сапа» конкурсы жаңа цифрлық номинациямен толығады
  1. Жаңалықтар
  2. Диджитал
Astana, Kazakhstan • 05 қараша, 2025 | 14:56
1 минут - оқу уақыты

«Алтын сапа» конкурсы жаңа цифрлық номинациямен толығады

Байқауға енді цифрлық жобалар қатыса алады

altynsapa.kz
altynsapa.kz

Қазақстандық өндірушілерге берілетін «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына цифрлық даму жобалары қосылады.

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 9 қазандағы 194 «Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған конкурс және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесі туралы» Жарлығына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасын әзірледі.

Басты мақсат отандық өндірушілерді ұлттық деңгейде тану жүйесін жетілдіруге, өнім мен қызметтердің сапа стандарттарын арттыруға, сондай-ақ әртүрлі экономикалық салаларда инновациялар мен цифрлық технологияларды енгізуді ынталандыруға бағытталған. Қатысушылар комиссия алдында соңғы үш жыл ішіндегі жоғары сапаны дәлелдеуі тиіс.

Конкурс дәстүрлі түрде төрт негізгі номинация бойынша өткізіледі. Олар «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын», «Азық-түлік өнімдері және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» аталымдары.

Әрбір номинацияда шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері санатында үш сыйлық табысталады, бұл шағын және орта бизнесті қолдау мен ынталандырудың маңыздылығын көрсетеді.

«Бұдан бөлек, инновациялық қызметті дамыту мен заманауи технологияларды енгізуді ынталандыру мақсатында конкурс аясында арнайы сыйлықтар тағайындалады – «Үздік индустриялық жоба», «Үздік инновациялық жоба» және жаңа номинация – «Цифрлық даму саласындағы үздік жоба», - делінген министрлік хабарламасында.

Бұйрық жобасы 2025 жылдың 4 қарашасы бастап 9 қарашасына дейін «Ашық НҚА» интернет-порталында ашық талқылауға орналастырылған. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі азаматтарды және мүдделі тараптарды жобаны талқылауға қатысып, нормативтік құқықтық актіні жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын енгізуге шақырады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.