Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстанда бірқатар дәрі-дәрмек бағасы арзандады
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 05 қараша, 2025 | 14:42
1 минут - оқу уақыты

Қазақстанда бірқатар дәрі-дәрмек бағасы арзандады

Қазір дәрілік заттардың 4994 саудалық атауына шекті баға бекітілген

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстанның фармацевтикалық нарығындағы мемлекеттік реттеу шараларының нәтижесінде бірқатар маңызды дәрілік заттардың бағасы төмендегені байқалады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Қазір дәрілік заттардың 4994 саудалық атауына шекті бағалар бекітілген. Бұл реттеу шаралары халықтың әлеуметтік маңызы бар дәрілерге қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Алайда, рецептіден тыс босатылатын тағы 1707 препарат мемлекеттік реттеуден шығарылды, олар нарықтық бағалар бойынша өткізіліп, өкілетті орган тарапынан тұрақты мониторинг жүргізіліп отырады.

2025 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті (МФБК) еліміздің 20 өңірінде дәрілік заттарға қойылған бағаларға кең ауқымды мониторинг өткізді.

«Зерттеуге бес негізгі фармакологиялық топқа (вирусқа қарсы, қабынуға қарсы, бактерияға қарсы, жүрек-қантамырлық және асқазан-ішек жолының ауруларын емдеуге арналған) жататын, ең көп сұранысқа ие болған 50 препарат қосылды», - делінген министрлік хабарламасында.

Биылғы жылдың қыркүйек айында жасалған талдау қорытындылары бойынша, маусым айымен салыстырғанда, дәрілік позициялардың 34%-ында (орта есеппен 7,8%-ға) баға төмендегені тіркелді. Ал қазан айында бұл көрсеткіш одан әрі артып, позициялардың 50% бөлігінің бағалары (орта есеппен 11,1%-ға) төмендетілгені аталды. Ең айқын төмендеу тұтыну құрылымында елеулі орын алатын және аурулардың кең ауқымын емдеу кезінде қолданылатын Гепар комп. Хеель, Ревмоксикам®️, Цефяпс, ВАЛМАК-Н, Зитмак®️ препараттары бойынша тіркелді.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті халықты қауіпсіз және сапалы дәрілермен қамтамасыз ету мақсатында нарық үрдістерін талдауды және дәрілік препараттардың бағаларына жүйелі мониторинг өткізіп отырады.

Еске салсақ, қазақстандықтар дәрілік заттарды өткізу кезінде заңбұзушылық жағдайлары туралы хабардар ету үшін DariKZ және Naqty Onim мобильді қосымшалары арқылы немесе МФБК-нің өңірлік департаменттеріне жүгіну арқылы ақпарат бере алады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.