Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы энергетикалық ынтымақтастық 30 жылдан кейін жаңа кезеңге қадам басты. Біріккен Араб Әмірліктерінде өтіп жатқан әлемдегі ең ірі энергетикалық форум алаңында екі елдің министрі стратегиялық серіктестікті кеңейту және жаңа технологияларды енгізу мәселелерін талқылады.
Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен АҚШ Ішкі істер министрі, Энергетикалық үстемдік жөніндегі кеңестің төрағасы Даг Бергум кездесуде мұнай-газ саласындағы ұзақмерзімді ынтымақтастықты нығайтуға басымдық берді.
Ерлан Ақкенженов америкалық инвесторлар Қазақстанның энергетикалық секторына алғашқы болып сенім артқанын атап өтті. Бүгінде олар Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сияқты ірі жобалардағы негізгі серіктестер болып отыр.
«Қазақстанда іске асырылып жатқан жобалар біздің америкалық әріптестеріміздің жаһандық портфельдеріндегі негізгі активтерге айналды. Бұл жобалардың ауқымы Қазақстанның әлемдік энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі стратегиялық маңыздылығын көрсетеді әрі өзара тиімді ынтымақтастықтың айқын дәлелі болып отыр», - деді министр.
Кездесу барысында мұнай экспортының негізгі арнасы саналатын Каспий құбыр консорциумының (КҚК) тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселесіне айрықша көңіл бөлінді. Бұл – Қазақстан экономикасындағы негізгі экспорттық бағыттың бірі.
АҚШ Ішкі істер министрі Даг Бергум Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жоғары бағалап, америкалық мұнай-газ компанияларының көпжылдық табысты жұмысы соның нақты дәлелі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, ол АҚШ тарапының энергетика саласын цифрландыру бағытындағы бірлескен жобаларды дамытуға мүдделі екендігін атап өтті. Мұндай серіктестік өндірістің тиімділігін арттырып, тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
Кездесу соңында тараптар өзара сенім мен ұзақмерзімді серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін атап өтті.