Қазақстан құрамасы блоктық садақ атудан алғаш рет алтын медаль жеңіп алды. Азия чемпионаты Бангладештің Дакка қаласында өтіп жатыр.
Қазақстандық садақшылар финалда Үндістан құрамасынан 240:228 есебімен басым түсті. Ұлттық құрама сапында Ділмұхамед Мұса, Бунед Мирзаметов және Андрей Тютюн өнер көрсетті.
Шешуші кезеңге дейін отандастарымыз 1/8 финалда Ирак құрамасын (234:225), ширек финалда Иран құрамасын (233:231), ал жартылай финалда Корея құрамасын (236:235) жеңді.
Айта кетейік, садақ ату – Қазақстанда жүйелі түрде дамып келе жатқан 46 басым спорт түрінің бірі. Садақ атудан Азия чемпионаты ертең аяқталады, жарысқа құрлықтың 29 елінен 207 спортшы қатысып жатыр.
Дереккөз: Спорт комитеті