«Қызылжар» футбол клубы алғашқылардың бірі болып жеке қаржыландыруға көшеді. Спорттық брендті, инфрақұрылымды және клубтың активтерін беру туралы келісімге қол қойылды.
«Петропавл қаласында спорттық сабақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжат «Қызылжар» футбол командасының ҚФФ, FIFA және UEFA қолдауымен өтетін жарыстарға қатысуына байланысты құқықтар мен міндеттердің берілуін анықтайды», делінген клуб таратқан ақпаратта.
Клубтың инвесторы болып кәсіпкер Сергей Кан анықталды.
Еске салсақ, 2025 жылдың 30 қазанынан бастап қызылордатық «Қайсар» футбол клубы TAU Group LTD компаниясының басшысы Исламғали Козбаковқа ресми түрде жеке басқаруға берілген болатын.
Оған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов футбол клубтарын коммерцияландыру мәселелері бойынша әлеуетті инвесторлармен жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлаған еді. Атап айтқанда әлеуетті инвесторлар қатарында «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» АҚ (Сергей Кан) «Қызылжар» ФК сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатқаны, ал Freedom Finance (Тимур Турлов) стадион мен футбол клубын салуға қызығушылық білдіріп жатқаны хабарланды.
Сонымен қатар, Kaspi Group (Михаил Ломтадзе) «Жеңіс» ФК сатып алып, Астанада футбол инфрақұрылымын салуды көздейтіні, Қызылорданың әлеуетті инвесторы-TAU GROUP LTD (Ислам Козбаков) – «Қайсар» ФК сатып алуға ниетті екені белгілі болды. Сондай-ақ, «Тараз», «Елімай» және «Ертіс» футбол клубтарына қызығушылық танытқан инвесторлармен кездесулер өткізілгені туралы айтылды.
Дереккөз: fcqyzyljar