Қарағандыда құрылған YAEM QR стартапы қоғамдық тамақтану саласын цифрландырып жатыр. Жоба дәстүрлі қағаз мәзірлерді QR-код арқылы ашылатын интерактивті онлайн-форматқа ауыстырып, мейрамханаларға шығынды азайтуға, ал келушілерге қызмет алу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Бүгінде YAEM QR онлайн-мәзірі Қазақстанның 163 қоғамдық тамақтану нүктесінде қолданылып жатыр. «Террикон алқабы» IT-хабындағы екі акселерациялық бағдарламаны сәтті аяқтағаннан кейін жобаға елдегі ірі төлем жүйелерінің бірі - Wooppay серіктес әрі қосалқы негізін қалаушы ретінде қосылды.
YAEM QR негізін қалаушысы Егор Лошкарёв стартап идеясының жеке тәжірибеден туғанын айтады.
«Мен жиі сапарға шығамын. Негізгі тіл басқа болғандықтан шет елдерде мәзірді әр жолы аударуды сұрау қолайсыз. Ал бірден түсінетін қазақша нұсқаның болуы үлкен артықшылық. Біздің QR-мәзір бір скан арқылы қажетті тілді автоматты түрде көрсетеді», деді Егор Лошкарёв.
Әзірлеушілер YAEM QR жүйесінің басты артықшылықтарын атап өтті. Ол - клиентке барынша қолайлы сервис. Мәзір қолданушының ана тілінде ашылады, тапсырыс бірден рәсімделіп, онлайн төленіп, тікелей асүйге жөнелтіледі. Сонымен қатар геймификация мүмкіндіктерімен ерекшеленеді. Мобильді қосымшада мини-ойындар, бонустар және лоялдылық бағдарламалары арқылы келушілердің қызығушылығын арттыруға болады.
Айта кетейік, YAEM QR экожүйесінде жасанды интеллект кеңінен қолданылады: ол клиенттермен коммуникацияны жақсартып қана қоймай, мейрамхананың ішкі жұмысын да оңтайландырады.
Мейрамхана қызметкерлерінің айтуынша, алдын ала тапсырыс беру мүмкіндігі қарбалас уақыттағы жүктемені айтарлықтай азайтқан. Сондай-ақ бұл жоба QR-мәзірлер қағаз басып шығару шығындарын жояды. Бұл табиғи ресурстарды үнемдеуге бағытталған қосымша артықшылық.
Қазір жоба командасы ірі фуд-корттармен келіссөз жүргізіп жатыр. Келушілер кезек күтпей, бір мобильді қосымша арқылы кез келген нүктеден тапсырыс беретін бірыңғай экожүйе құратын жүйе жасамақ.
Бүған қоса, стартап жақын уақытта Өзбекстан, Қырғызстан және Біріккен Араб Әмірліктеріне шығуды жоспарлап отыр.
Дереккөз: Қарағанды облысы әкімдігі