Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS
  1. Басты бет
  2. Тұлғалар
  3. «Бір ауыл – бір өнім»: құрт пен майдан бастап балмұздаққа дейін
  1. Жаңалықтар
  2. Тұлғалар
Astana, Kazakhstan • 12 қараша, 2025 | 09:29
2 минут - оқу уақыты

«Бір ауыл – бір өнім»: құрт пен майдан бастап балмұздаққа дейін

Жетісулық Райгүл Закарияқызы өз әдісімен саумалдан балмұздақ жасап шығарды

QazMonitor Logo
Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий Ерофеев
Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий Ерофеев

Жетісу облысының Сарқан қаласының тұрғыны, жас кәсіпкер саумалдан балмұздақ өндіре бастады. Ол өз тауарын «Бір ауыл – бір өнім» көрмесінде таныстырған, енді кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың біріне қатысу арқылы өндіріс процесін автоматтандыруды жоспарлап отыр.

Райгүл Закарияқызына үй жағдайында балмұздақ өндіру туралы ойды алғаш ұлы айтқан екен. Бие сүтінің емдік қасиеттерін ескере отырып, ол балмұздақ жасауға саумалды пайдаланғанды жөн көрген. Сөйтіп балмұздақтың құрамына үйдің қаймағы мен бал қосып, өз рецептін жасап шығарды. Отбасы мүшелері оның дәмін жоғары бағалап, бұл Райгүлді өнімін одан әрі жетілдіруге ынталандырылды.

«Бұл саланың қыр-сырын меңгеріп, жұмыс істеп жүргеніме шамамен 25 жыл болды. Әрине, еңбегі ауыр. Сиыр, бие ұстаймыз. Жолдасым мал күтімімен, ал мен сүттен тағам жасау жұмыстарымен айналысамын. Құрт, май, қымыз және басқа да өнімдер дайындаймын. Оларды жергілікті тұрғындар жақсы алады. Ал жаз мезгілінде тіпті Алматы, Астана, Атырау қалаларынан да келіп, емдік саумал ішетіндер бар. Кенже балам балмұздақты қатты жақсы көретіндіктен, оны үй жағдайында жасап көруге бел будым», – дейді Райгүл Закарияқызы.

Сөйтіп осы талпынысының нәтижесінде жасанды қоспа мен бояусыз, ұлттық тамақтану ерекшеліктерін ескере отырып пайдалы әрі дәмді балмұздақ жасап шығарды.

«Ежелден ата-бабаларымыз бие сүтінің жоғары емдік қасиетін жақсы білген. Сондықтан оны балалар тағамында пайдалану орынды деп есептеймін. Алайда саумалдан балмұздақты қолдан дайындауға өте ұзақ уақыт кетеді екен. Әр жарты сағат сайын ингредиенттерді жақсылап араластырып, сосын салқындатып, толық қоюланғанша қайта-қайта араластырып отыру керек, содан кейін ғана 4 сағатқа тоңазытқышқа қоямыз. Сол себепті әзірге балмұздақты тек отбасым үшін ғана жасап жүрмін», – деді жас кәсіпкер.

Ол өндірісті кеңейту үшін арнайы жабдық керегін, сондықтан бизнеске қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарламалардың біріне қатысуға ниетті екенін жеткізді. Оған «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жартылай финалисі ретінде келесі жылдан бастап осы жоба аясында жаңа өнімімді дамытуға қолдау көрсетілмек.

Жетісу облысының Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы мұндай жобаларды оларды іске асырудың барлық кезеңдерінде толық сүйемелдейді. Оған кәсіпкерлерді маркетинг негіздері, қаржылық сауаттылық және жалпы кәсіп жүргізу қағидаттары бойынша оқыту да кіреді.

«Райгүл Закарияқызының өнімі жоғары сапалы. Қаңтар айынан бастап біз оның өнімін сертификаттау жұмысын бастаймыз. Кейін қаптамасын әзірлеумен қатар, кәсіпкердің білімін арттыру бағытында да бірлесе жұмыс істейтін боламыз. Біздің басты мақсатымыз – үй жағдайында жасалатын өндірісті нарыққа шығару», – деді облыстық Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының менторы Светлана Оңғарбаева.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.