Биыл Қазақстанда ақылы жолдардан түскен қаржы көлемі артқан. Осы жылдың 10 айында мемлекеттік бюджетке 72 млрд теңге кіріс келді, оның 17 млрд теңгесі шетелдік автокөліктерден түскен.
Бүгін Сенат отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің экономикалық тиімділігі жоғары жобаларды жүзеге асыратынын айтты. Ол қарыз алу негізінен коммерциялық тұрғыдан тартымды әрі өзін өзі ақтайтын жобаларға тартылуы керек екенін, олар кейіннен бюджетке кіріс алу арқылы пайдалану процесінде құрылысқа тартылған қарыздарға қызмет көрсетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Мысалға қазіргі күні қомақты пайда әкеліп отырған автожол жобаларын атады. Мәселен, былтыр бюджетке ақылы жолдардан 48 млрд теңге түскен, оның 10 млрд-ын транзитпен өтетін шетелдік көлікер төлеген. Ал осы жылдың 10 айында 72 млрд теңге кіріс келді, оның 17 млрд теңгесі – шетелдік автокөліктерден түскен.
«Жоғары сыныпты магистраль салынған жерде экономикалық белсенділік мүлдем басқа. Неге екені белгісіз, осы жол бойында 50 жанармай құю бекеті, 100 кафе салынғанын ескермейді. Бұл халықты жұмыспен қамтуға, төленген салықтар және экономикалық өсімге әкеледі. Мұндай инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция салынбаса, онда, әрине, даму да болмайды. Сондықтан біздің ойымызша, жоспарлы жұмсалатын қарыздар – экономикалық дамуға айтарлықтай әсер етеді. Біз қаражатты қандай жобаларға жұмсау керектігін мұқият қарайтын боламыз», — деп атап өтті Премьер-министр.
Осылайша, ол қарыз қаражаты есебінен салынған нысандар беретін жалпы экономикалық әсерді ескеру маңызды екенін атап өтті.
Дереккөз: Үкімет