Алматыда биік таулы спорт кешені «Медеуді» жаңғырту жұмыстары басталды. Қала құрылысы басқармасының мәліметінше, қазір дайындық кезеңі жүріп жатыр. Жоба аясында мұз салқындатуға арналған жаңа тоңазытқыш жабдықтары орнатылып, барлық инженерлік коммуникация толық жаңартылады және кешен газбен қамтамасыз етіледі. Мұздың жағдайын бақылайтын AI-мониторинг жүйесі энергия шығынын 25 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ температурасын жеке реттеуге болатын жылы орындықтар қойылады.
Кешеннің шығыс қанатындағы қонақүй «4 жұлдыз» санатының талаптарына сай қайта жоспарланады. Сондай-ақ спортшылар мен келушілерге арналған заманауи оңалту орталығы ашылады.
Сонымен қатар 3D тұжырымдамасы бойынша интерактивті музей экспозициясы жасақталады. Батыс мінберден кофеханалар мен демалыс орындары бар 900 шаршы метрлік терраса салынады. Жерасты автотұрағының үстінде SUN-DECK демалыс аймағы құрылады. Бұдан өзге, жылы суы бар ашық бассейн салу көзделген.
Кешен аумағында жасанды сарқыраманы, Кіші Алматы өзені мен таудың әсем көрінісін тамашалуға болатын серуен жолдары бар экопарк құрылады. Сондай-ақ негізгі нысандар мен жаңа демалыс аймақтарын байланыстыратын шығыс және батыс бағыттағы екі жаяу жүргіншілер көпірі салынады.
Жаңғырту жұмыстарының толық аяқталуы 2027 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған.