Астанада Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен S. p.А. итальяндық компаниясы өкілдерінің денсаулық сақтау саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыруға және екі елдің медициналық ұйымдарының арасындағы әріптестік қатынастарды дамытуға арналған жұмыс кездесуі өтті.
Іс-шара барысында Eni денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына, оның ішінде әлеуетті арттыру жобаларына шолу жасалды.
Сондай-ақ, қатысушылар Астана қаласының № 2 балалар ауруханасы мен Гаслини (Италия) ауруханасының мамандары жүргізген жобаларды бірлесіп талдау шеңберінде Италиядағы қазақстандық медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөніндегі әлеуетті бастамаға ерекше назар аударды.
Атап айтқанда, ынтымақтастық туралы ұсыныс педиатрия саласындағы озық тәжірибемен алмасу мақсатында жергілікті жерде және италиялық клиникаларда қазақстандық мамандар үшін тағылымдамалар мен практикалық сабақтарды қамтиды.
Бағдарламаны Eni Global Health сарапшысы Элеонора Пиллиттери және Гаслини ауруханасының жедел медициналық көмек, реанимация және анестезиология бөлімшесінің меңгерушісі доктор Андреа Москателли кіретін Eni Health делегациясы ұсынды.
«Ең алдымен, Eni S. p.А. компаниясына Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін дамытуға үлес қосу бастамасы мен ұмтылысы үшін алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер. Бұл компанияның әлеуметтік қолдау және өңірлерді орнықты дамыту мәселелеріне жауапкершілікпен қарауын көрсететін маңызды қадам. Біздің мамандарды Италияның жетекші клиникаларында оқыту кәсіби құзыреттілікті нығайтуға және Қазақстандағы медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін»,– деп атап өтті бірінші вице-министр.
Тараптар сондай-ақ Қазақстан мен Италияның медициналық ұйымдарының арасындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, оның ішінде бірлескен зерттеу жобалары, телемедицина саласындағы бастамалар және кәсіби даму бағдарламалары үшін мүмкіндіктерді талқылады.