Түркістан облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасуда. 2025 жылға жоспарланған 110 мың гектардың орнына 129,6 мың гектар жер мемлекетке қайтарылып, жоспар 117,8% орындалды.
Өңірде жүргізілген талдау нәтижесінде 3960 жер пайдаланушыға тиесілі 372,6 мың гектар жайылым жерінде мал басы тіркелмегені анықталды. Аудан және қала әкімдіктеріне 224,1 мың гектар жерді мемлекетке қайтару тапсырылған, оның 219,7 мың гектары қайта алынып, жоспар 98% деңгейінде орындалды.
Жер ресурстарын басқару департаментіне 163,4 мың гектар жерге қатысты құжаттар ұсынылды. Тексеру қорытындысы бойынша 403 жер пайдаланушыға 93,3 мың гектар жерге нұсқама берілді, ал 1177 пайдаланушыға 258,3 мың гектар бойынша хабарлама жолданды. Сонымен қатар 2316 пайдаланушының 465,2 мың гектар жерді мақсатсыз пайдаланғаны анықталды.
2024 жылдың басында Түркістан облысында жайылым тапшылығы 608 мың гектар болған. Жүргізілген жұмыстардың арқасында 2025 жылға бұл көрсеткіш 539,8 мың гектарға дейін төмендеді.
Биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы 144,9 мың гектар жерді айналымға енгізу жоспарланған. Қазіргі уақытта 12 конкурс өткізіліп, 109,9 мың гектар немесе 478 жер учаскесі шаруашылық айналымына қосылды. Оның ішінде 4,8 мың гектары – егістік, 104,5 мың гектары – жайылым.
Түркістан облысының жалпы жер қоры 11,6 млн гектарды құрайды. Оның ішінде 4,5 млн гектары – ауыл шаруашылығы жерлері, 807,8 мың гектары – елді мекен аумақтары, 3 млн гектардан астамы – орман қоры.
Дереккөз: Түркістан облысының әкімдігі