2025 жылдың басынан бері әлеуметтік инспекторлар 1 356 тексеру жүргізді. Оның ішінде 461 тексеру – жоспардан тыс, 558 – профилактикалық бақылау, 337 – прокуратура талаптары негізінде өткізілді. Нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою үшін 701 ұйғарым беріліп, 79,7 млн теңгеден астам сомаға 349 әкімшілік айыппұл салынды.
Мемлекеттік бақылау мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарды (264 нысан), денсаулық сақтау (168), білім беру (225), әлеуметтік қорғау (315), мәдениет (56), спорт (55), көлік инфрақұрылымы (44), қоғамдық тамақтану (26), сауда (96), қаржы қызметтері (24) және басқа да 86 нысанды қамтыды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті Байқоңыр қаласындағы көпбейінді ауруханаға ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін қолжетімділік талаптарының орындалуын тексеру мақсатында жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша нысан иесіне ұйғарым беріліп, жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Бүгінгі таңда облыс бойынша инфрақұрылым шынымен де ерекше қажеттіліктері бар адамдарға, жалпы қозғалысы шектеулі азаматтарға қолжетімді болды. Бұлардың қатарында парктер, гүлзарлар, денсаулық сақтау нысандары, мемлекеттік мекемелер және күнделікті қажетті қызметтерді алатын өзге де маңызды орындар бар», – деді I топтағы мүгедектігі бар Қызылорда қаласының тұрғыны Жадра Абуова.