Түркістан облысында жердің мелиорациялық жағдайын жақсарту және су ресурстарын тиімді пайдалану үшін 734 тік дренаж ұңғымасын қалпына келтіру және жаңғырту бойынша кешенді бағдарлама жүзеге асырылуда. Жұмыстар Жетісай, Мақтаарал, Сауран және Шардара аудандарында жүргізіледі.
Жобаға қолдау білдіруші – Ислам даму банкі. Бүгінде Жетісай ауданында – 210, Шардара ауданында 302 ұңғымада құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Ирригациялық және дренаж жүйелерін жетілдіру жобасының екінші кезеңінде Мақтаарал ауданында – 150, ал Сауран ауданында 72 ұңғыманы реконструкциялау жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар Ордабасы ауданында –11 және Отырар ауданында 42 ұңғыманы қалпына келтіруге жобалау-сметалық құжат әзірлеу жоспарланған.
2020 жылы Түркістан филиалының қарамағына 57 тік дренаж ұңғыма берілген болатын. Бүгінге дейін олардың 30-ы қалпына келтірілді. Жыл соңына дейін тағы 10 ұңғыманы жөндеу аяқталады, ал қалған 17-сі келесі жылы қалпына келтіріледі.
Тік дренаж жүйелері жерасты суының деңгейін тұрақтандыруда, топырақтың қайта тұздану қаупін азайтуда және суармалы жерлердің жағдайын жақсартуда маңызды рөл атқарады.
«Соңғы жылдары Түркістан облысындағы жерлердің мелиорациялық тұрақтылығын қамтамасыз етуде тік дренаждың маңызы артты. Осыған байланысты өңірде дренаж ұңғымаларын қалпына келтіру және жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар су ресурстарын тиімді пайдалануға және аграрлық сектордың тұрақты дамуына бағытталған. Қазіргі уақытта облыстың Жетісай, Мақтаарал және Ордабасы аудандарында 380 тік дренаж ұңғыма жұмыс істейді», – дейді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.