Еліміздің көлік инфрақұрылымын жаңарту бойынша ауқымды бағдарлама аясында Ақмола облысының Макинск қаласындағы теміржол вокзалын модернизациялау жобасы аяқталуға жақын. Жалпы Қазақстан бойынша 125 теміржол вокзалы жаңғыртылатын болса, олардың 16-сы Ақмола облысында орын тепкен.
Макинск вокзалы ғимаратындағы күрделі жөндеу жұмыстар аясында инженерлік желілер жаңартылып, жолаушыларға арналған жағдайды жақсартылады. Сондай-ақ нысан заманауи сервис стандарттарына сәйкестендіріледі. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды: ғимарат реконструкциясы, шатыр мен фасадты ауыстыру, кондиционерлеу, желдету және инженерлік коммуникацияларды толық модернизациялау жүргізілді. Вокзал алдындағы аумақ абаттандырылды. Қазір соңғы кезең – жабдықтарды орнату және перронды жөндеу жұмыстары орындалып қалды.
«Бүгінгі таңда құрылыс бөлімі 100% орындалған: шатыр мен фасад ауыстырылды, инженерлік жүйе, желдету және кондиционерлеу жаңартылды. Сондай-ақ вокзал маңы абаттандырылды. Жұмыстар мамыр айында басталды. Келісімшарт бойынша нысанды жылдың соңына дейін тапсыру жоспарланған, алайда жұмыс кестеден ерте аяқталды», – деді «Жарқын құрылыс» ЖШС жоба жетекшісі Думан Жүнісов.
Дереккөз: Ақмола облысының әкімдігі