Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстан ауыл шаруашылығы техникасын жаңғыртуды жеделдетті
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 21 қараша, 2025 | 12:31
1 минут - оқу уақыты

Қазақстан ауыл шаруашылығы техникасын жаңғыртуды жеделдетті

Биылғы он айда шаруашылықтар 25 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды

ҚР АШМ
ҚР АШМ

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, машина-трактор паркін жаңартудың негізгі тетіктердің бірі – инвестициялық субсидиялау. Бағдарлама аясында аса қажетті техниканы сатып алуға жұмсалған шығынның 15%-дан 30%-ға дейінгі бөлігі өтеледі. Бұдан бөлек, мемлекет кредит пен лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемені басым техника үшін 6%-ға дейін, басқа бағыттар үшін 15%-ға дейін субсидиялайды.

Сонымен қатар жылдық 5% мөлшерлемемен 7 жыл мерзімге арналған жеңілдетілген лизинг бағдарламасы жалғасуда. 2025 жылға бұл бағытқа 250 млрд теңге бөлінген. Осы шаралардың арқасында машина-трактор паркін жаңарту көрсеткіші 6,5%-ға жетті.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ деректері бойынша, былтыр ауыл шаруашылығы өндірушілері 228,5 млрд теңгеге 10,5 мың дана техника сатып алды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 37%-ға артық. Өздігінен жүретін техникаларға сұраныс айтарлықтай өсіп, 4729 трактор (+66%) және 924 комбайн (+80%) алынған.

2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 255 млрд теңгеге 10 100 дана техника лизингке берілді, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 10%-ға жоғары. Биыл шаруашылықтар 25 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, сұраныстың тұрақты өсімін және мемлекеттік қолдаудың тиімділігін көрсетті.

Мемлекеттік ынталандыру шаралары отандық ауыл шаруашылығы машина жасау саласына да оң ықпал етуде. Қазір Қазақстанда өздігінен жүретін техника өндіретін 10 зауыт жұмыс істейді. Ел John Deere және CLAAS компанияларының техникасын құрастыру алаңына айналған.

Осының нәтижесінде отандық өндірушілер тракторлар мен комбайндар бойынша ішкі нарықтың 90% сұранысын қамтамасыз етіп, саланың технологиялық тәуелсіздігін арттыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосып отыр.

Дереккөз: ҚР АШМ

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.