Алматы облысында «Әкімдер мектебі» жобасы іске асырылып жатыр. Жобаға өңірдің тоғыз ауданының ауылдық округ әкімдері қатысқан, олар – округтердің дамуына жауапты, тікелей дауыс беру арқылы сайланған басшылар.
Аталған жоба облыс басшылығы мен ауылдық округ әкімдері арасындағы диалог мазмұнды әрі нақты сипатқа ие бола бастаған. Бүгінде ауыл әкімдері мәселелерді ғана емес, оларды шешудің тиянақты ұсыныстарын, есептері мен нақты тетіктерін ұсынады.
«Ауыл – өңір экономикасының негізі. Мәселені облысқа жеткізбей, жергілікті жерде шешу маңызды. Егер ұсыныс ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға бағытталған болса, біз оны қолдауға дайынбыз», деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Ауыл әкімдері жергілікті өзін-өзі басқару тетіктерін күшейту қажеттілігіне назар аударған. Оның ішінде әкімдердің сайлауалды бағдарламаларын орындау бойынша халық алдында тұрақты есеп беру практикасын заңмен бекіту ұсынылды.
Сонымен қатар ауыл әкімдеріне көлік иелері туралы ақпаратқа қол жеткізу, жылжымайтын мүлікті нарықтық құн бойынша бағалау және жеке табыс салығын жұмыс орны бойынша төлеу қағидатын енгізу жөнінде ұсыныстарын атап өтті. Олардың пікірінше, бұл ауыл бюджеттерінің кіріс бөлігін нығайтуға мүмкіндік береді.
Бұған қоса, әкімдер шағын цехтар, мал сою пункттері мен қоймаларды өңірлік стандарттардың міндетті элементі ретінде енгізуді ұсынды. Сондай-ақ ауылдар мен кооперативтердің мамандануын нақты есепке алу қажеттілігі көтерілді. Әкімдік аппараттары қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру және жаңа KPI әзірлеу мәселелері өзекті болып отыр. Бәсекеге қабілетті жалақы мен нақты көрсеткіштердің болмауы кадрларды тартуды қиындататыны атап өтілді. Осыған байланысты округтердің жеке даму бағдарламаларын жасап, әкімдіктердің нақты мүмкіндіктеріне сай KPI белгілеу ұсынылды.
Дереккөз: Алматы облысы әкімдігі