Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстан-Эстония бизнес-форумында 11 коммерциялық құжатқа қол қойылды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 18 қараша, 2025 | 16:19
2 минут - оқу уақыты

Қазақстан-Эстония бизнес-форумында 11 коммерциялық құжатқа қол қойылды

Екі ел компаниялары арасындағы келісімнің жалпы құны 517 миллион доллардан асады

QazMonitor Logo
akorda.kz
akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Алар Карис Қазақстан-Эстония бизнес форумына қатысып, сөз сөйледі. Тоқаев Қазақстан мен Эстонияның іскерлік топ өкілдері қатысып жатқан бизнес-форум сауда және инвестиция саласындағы екіжақты ықпалдастықты жандандыруға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, қаржы және білім беру салаларындағы өзара тиімді серіктестіктің перспективті бағыттарына тоқталды. Сондай-ақ елімізде эстониялық бизнестің кеңеюіне жан-жақты қолдау білдіруге дайын екенін растады.

Жиында Эстония Президенті Алар Карис те сөз сөйледі.

Бизнес-форум аясында екі ел компаниялары жалпы құны 517 миллион доллардан асатын 11 коммерциялық құжатқа қол қойды. Атап айтқанда, Kazakh Invest ұлттық компаниясының деректері бойынша, қол қойылған құжаттар логистика, өнеркәсіп, цифрлық технологиялар, ұтқырлық (мобильділік) және инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.

Қол қойылған құжаттар тізімі:

• «Қазпошта» АҚ мен Omniva арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы декларация. Құжат Орталық Азияда IT-шешімдерді және цифрлық пошта сервистерін дамыту үшін Қазақстанда бірлескен кәсіпорын құруды көздейді.

• KazAzot Prime ЖШС мен AS SILSTEVE арасындағы ынтымақтастық туралы келісім. Тараптар Силламяэ портының инфрақұрылымы арқылы қазақстандық тыңайтқыштар экспортын кеңейту туралы уағдаласты.

• «ҚТЖ Экспресс» ЖШС мен AS «SILSTEVE» арасындағы логистика саласындағы келісім. Серіктестік мультимодальды маршруттарды дамытуға және көлік операцияларының тиімділігін арттыруға бағытталған.

• Силламяэ порты мен Nord Panels компаниясы арасындағы келісім. Эстонияда құрылыс материалдарын өндіру желісін құруға инвестиция салуды көздейді.

• «Alstom Kazakhstan» АҚ мен SLD Consult арасындағы автоматика саласындағы келісім. Локомотивтер үшін борттық электрониканы және қауіпсіздік жүйелерін енгізу бойынша ынтымақтастық.

• «Ақтөбе мұнай өндеу» ЖШС мен Olerex компаниясы арасындағы мұнай транзиті саласындағы келісім. Құжат эстондық инфрақұрылымды пайдалана отырып, мұнай өңдеу және кеме отынын сату саласындағы бірлескен жұмысты қарастырады.

• Алматы әкімдігі мен Aquaphor компаниясы арасындағы су тазартатын сүзгілер шығаратын зауыт салу туралы келісім. Алматыда тұрмыстық және өнеркәсіптік сүзгілер зауытын құруға инвестиция салуды көздейді.

• Алматы әкімдігі мен Bolt компаниясы арасындағы мобильділік саласындағы ынтымақтастық туралы келісім. Мобильді сервистерді іске қосу және қалалық көлік инфрақұрылымын дамытуды көздейді.

• Қазақстандық астық пен майлы дақылдарды Таллин порты арқылы Еуропа елдеріне экспорттауға арналған көлік дәлізі жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қазақстандық тараптан «Кедентрансервис» АҚ мен «Азық түлік корпорациясы» АҚ және эстондық тараптан Порт Таллин мен Muuga Grain Terminal қол қойды. Құжат арнайы тарифтік шарттарды, порттық операцияларға жеңілдіктерді және 2 млн тоннаға дейін астық экспорттау жоспарын қамтиды.

• «Қайып Ата» ЖШС мен Эстония мал шаруашылығы қауымдастығы арасындағы асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы келісім.

• «Құрық» және «Таллин» порттары арасындағы ынтымақтастық туралы келісім. Порт инфрақұрылымын, жолаушылар тасымалын және жаңа логистикалық маршруттарды дамытуды көздейді.

Бұл құжаттар Қазақстан мен Эстония арасындағы әріптестіктің жаңа практикалық кезеңін қалыптастырып, көлік, өнеркәсіп, инновациялар және цифрлық экономика салаларындағы өзара интеграцияны нығайтады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.