Жамбыл облысында қуаты 50 МВт болатын бу-газ электр станциясының құрылысы басталды.
Жаңа станса Жамбыл ауданының Қызылтан ауылында салынады. Жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 60 млн АҚШ долларын құрайды.
Жоспар бойынша жоба екі кезеңнен тұрады: бірінші кезеңде қуаты 50 МВт болатын бу-газ электр станциясы салынады, ал екінші кезеңде оның қуаты 150 МВт-қа дейін ұлғайтылады. Нәтижесінде станцияның жалпы қуаттылығы 200 МВт-қа жетеді.
«Бүгін іске асырылғалы отырған қуаты 50 МВт бу-газ электр станциясы – жай ғана жаңа өндіріс емес. Бұл – тиімділігі жоғары, экологиялық тұрғыдан таза технологияларды енгізу арқылы өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтетін маңызды жоба», деді Қарашөкеев.
Жоба жетекшісі Хоу Чуаньцюньнің айтуынша, инвестициялық бастама аясында жер телімін рәсімдеу, инженерлік іздестіру, жобалау және тиісті келісу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді.
Қазіргі таңда 7 гектар жер бөлінді. Құрылысты жүзеге асыратын мердігер ұйым таңдалды. Гидрогеологиялық зерттеулер жүргізіліп, 185 метр тереңдікте ұңғыма бұрғыланды. Сондай-ақ газбен жабдықтау бойынша тиісті техникалық шарттар алынды.
Құрылыс жұмыстарына 500-ге жуық адам тартылады, бу-газ электр станциясы толық қуатына шыққанда 80 жаңа жұмыс орны ашылады.
Айта кетейік, Жамбыл облысында жалпы қуаты 1721,3 МВт болатын 24 энергетикалық нысан жұмыс істейді. Олардың ішінде ең ірісі – қуаты 1107 МВт болатын «Жамбыл ГРЭС» кәсіпорны.
2025 жылдың 10 айында өңірде 3,6 млрд кВтсағ электр энергиясы өндіріліп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға артып отыр.
Дереккөз: Жамбыл облысы әкімдігі