Қазақстанның Даму банкі 17 серпінді жобаның 14-сін қаржыландыруға қатысуды жоспарлауда. Аталған жобаларға қатысу үлесі 2,6 трлн теңгеге жетеді деп болжанған. Бұлар жалпы сомасы 6,9 трлн теңгеге жоғары технологиялық қайта өңдеу үлесін арттыратын болашақ металлургиялық және агроөнеркәсіптік кластерлер саналады.
Бүгінгі таңда банк Павлодар облысында металлургиялық кластердің бірінші кезегін іске асыруды мақұлдады. Алдағы уақытта «Mineral Product International» ЖШС қуаттылығы жылына 80 000 тонна ферроқорытпа зауыты салынады. Оның іске қосылуымен 527 тұрақты және 1000-нан астам уақытша жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Қарағанды облысында жылына 2,45 млн тонна кокс шығаратын №8-9 жаңа кокс батареялары мен табиғи газ құбырын салатын «Qarmet» АҚ кешендік жаңғырту жобасы, Қостанай облысында жобалық қуаты жылына 2 млн тонна болатын «QazIron» АҚ (ERG) ыстық брикетті темір (ЫБТ) өндіру зауытының жобасы, сондай-ақ Абай облысында қуаты жылына 300 мың тонна мыс болатын «KAZ Minerals Smelting» ЖШС мыс балқыту зауытының жобасы құжаттары сараптаудан өтуде.
Астанада қарыз алушының өз қаражаты есебінен «Kazak Protein» ЖШС бидай мен бұршақты терең өңдеу бойынша интеграцияланған агроөнеркәсіптік кешеннің құрылысы басталды. Кәсіпорын тірі бидай глютенін және модификацияланған бидай крахмалын шығарады. Болашақта Қостанай облысындағы Qostanai Grain Industry жобасымен бірлесіп, кәсіпорындар астықты тереңдете өңдеудің және ел үшін стратегиялық маңызды импорттық ингредиенттерді алмастырудың негізіне айналмақ.
ҚДБ мен оның еншілес ұйымы ӨДҚ қаржыландыруының арқасында қуаттылығы жылына 120 мың автомобиль шығаруға дейін жететін Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендтік зауытын салу жобасы аяқталды. Бұл өз алаңында Chery, Changan және Great Wall Motor (Haval және Tank) бірден үш жетекші қытай брендінің өндірісін біріктірген әлемдегі алғашқы кәсіпорын.
Дереккөз: ҚР Ұлттық экономика министрлігі