World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин Римде Италия бокс федерациясының президенті Флавио Д’Амбрози және бас хатшы Вальтер Де Джустимен кездесті.
Головкин италиялық әріптестеріне Конгресті қабылдағаны және алдағы жиынға жоғары деңгейде дайындалғаны үшін алғыс айтты. Федерация басшылары өз кезегінде оған алдағы сайлауда сәттілік тіледі.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Италия арасындағы спорттық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Италия бокс федерациясы қазақстандық боксшылар мен жаттықтырушыларды бірлескен оқу-жаттығу жиындарына қабылдауға және тәжірибе алмасуға дайын екенін жеткізді.
Тараптар әуесқой және кәсіпқой боксты ұштастыру тәжірибесін де сөз етті. Геннадий Головкин бұл тәжірибенің пайдалы екенін атап өтіп, басты мақсат - ұлттық құраманың намысын қорғау екенін ерекше атады.
Кездесуде төрелік жүйесін дамыту мәселесі де көтерілді. Италия тарапы World Boxing бастамаларына қызығушылық танытты. Олимпиадалық комиссия төрағасы төрешілердің біліктілігін арттыруға арналған онлайн-академия жобасы іске қосылып жатқанын, сондай-ақ төрешілердің шешім қабылдауына көмектесетін AI-жүйелердің тестіленіп жатқанын айтты.
Италия бокс федерациясы 2027-2028 жылдары World Boxing аясында халықаралық турнирлер өткізуге әзір екенін растады. Сонымен қатар жақын арада елде жоғары деңгейдегі екі кәсіпқой бокс шоуын ұйымдастыру жоспарланған.
Геннадий Головкин аталған бастамалардың боксты дамытуда маңызды рөл атқаратынын айтып, Италия тарабына қолдауы үшін алғысын білдірді. Кездесу қорытындысында тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, World Boxing Конгресі 23 қарашада Рим қаласында өтеді.
Дереккөз: Ұлттық олимпиада комитеті