Биыл Ақмола облысының егіс алқабы 300 мың гектарға артып, 5,5 млн гектарды құрады. Әр гектарынан 16,3 центнер орташа өнім алынып, 7,6 млн тонна астық жиналды. Жиналған астықтың 70%-ы жоғары сапалы өнім. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында өңір әкімі Марат Ахметжанов мәлімдеді.
«Ақмола астығы жаңа халықаралық нарықтарды бағындыруда. Жыл басынан бері алыс және жақын шетелдерге 3,5 млн тоннадан астам астық экспортталды. Эстонияның Муга Грэйн терминалымен жасалған меморандум аясында жалпы 209 мың тонна астықты Италияға, Бельгияға және Эстонияға экспорттауға мүмкіндік туды», – деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, соңғы екі жылда майлы дақылдар егісінің аумағы 2,5 есеге ұлғайып, алғаш рет 500 мың гектарды құрады. 600 мың тоннаға жуық өнім жиналып, қосымша 100 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді.
Биыл агроөнеркәсіп кешенінің қажеттіліктеріне 250 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, 62 млрд теңгеге 1 600 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жеңілдетілген лизингпен сатып алынған.
Дереккөз: Ақмола облысының әкімдігі