Қазақстанның шағын жинақты мектептерді дамыту жобасы Финляндияның HundrED ұйымының нұсқасы бойынша әлемнің үздік инновациялық шешімі ретінде танылды. Ауылдағы мектептерді дамыту тәжірибесі алғаш рет HundrED Global Collection 2026 халықаралық рейтингінің негізгі тізіміне енді.
Бұл тізім әлемде іске асыруға ұсынылған 100 үздік білім беру инновациясын қамтиды. Рейтингті финляндалық HundrED үкіметтік емес ұйымы жасайды, бүкіл әлем бойынша білім беру саласын өзгертетін ең тиімді әрі ауқымды тәжірибелерді таңдайды.
Биыл 70 елден 800-ден астам өтінім түсіп, сарапшылар 150 жобаны іріктеп, үздік 100 жобаны анықтады. Барлығы 52 елден жаңашыл жоба енген. Үздік инновациялар қатарында еліміздегі шағын жинақты мектептерді дамыту жобасы бар. Оны AITAS Foundation-ға қарасты Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры жүзеге асырып отыр. Негізгі тізімге Қазақстанмен қатар Ұлыбритания, Канада, Үндістан, Норвегия және АҚШ-тың да жобалары енді.
«HundrED Global Collection 2026 шын мәнінде білім беру жүйесін өзгертетін шешімдерді атап өтеді. Қазақстанда жасалған жұмыс – ауыл мектептерін қолдаудың ауқымды әрі тұрақты тәсілінің жарқын мысалы».
Еске салсақ, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры 2023-2024 жж. Ақтөбе облысында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, «Қазақстан халқына» қорының, облыс әкімдігінің және AITAS холдингінің қолдауымен ауылдағы шағын жинақты мектептерде білім сапасын арттыруға бағытталған кешенді жобаны жүзеге асырған болатын.
Жоба 134 шағынжинақты және 12 тірек мектепті қамтыды. Нәтижесінде цифрлық инфрақұрылым жақсартылып, педагогтер жаңа әдістемелер бойынша оқытылды, аралас және қашықтан оқыту түрлері іске қосылды. Мұғалімдер мен оқушылардың көрсеткіштері айтарлықтай артқаны тәуелсіз бағалау арқылы дәлелденіп, HundrED халықаралық сарапшылары тарапынан мойындалды.
«Біздің HundrED тізіміне енуіміз – ірі бизнестің әлеуметтік миссиясы жүйелі өзгерістерге әкелетінін дәлелдейді. Біз бизнес, қоғам және мемлекет күшін біріктіре отырып, тұрақты жобаларды іске асырамыз. Бұл жаңалық – барлық серіктестер үшін мақтаныш. Жетістігіміз Қазақстанның білім мен интеллектуалды капитал саласында тиімді шешімдер ұсына алатынын көрсетеді».
Айта кетейік, биыл Ақтөбе облысының тәжірибесі Солтүстік Қазақстан облысында масштабталып жатыр. Қазақстанның шағын жинақты мектептерді қолдау моделі – мемлекет, бизнес және қоғамның орнықты серіктестігі арқасында қала мен ауыл арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтудың үлгісі ретінде қарастырылып жатыр.